Түркістан облысында ұзындығы 62 шақырымнан астам арық каналдарын бетонмен қаптау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Жұмыстар барысында каналдарды бетондау қарастырылған. Бұл су тасымалы кезінде су шығынын азайтып, оның тиімділігін, жылдамдығы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Каналдарды қыркүйектен желтоқсанға дейінгі вегетацияаралық кезеңде реконструкциялау арқылы суару маусымында егістік жұмыстарына кедергі келтірілмейді.

Келесі жылы Түркістан облысы Отырар ауданында ұзындығы 3,39 км болатын «Ақарық» каналының және ұзындығы 5 км болатын «Серібек» каналының реконструкциясын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Созақ ауданында ұзындығы 15 км болатын «Шұқырой» каналындағы жұмыстар аяқталады.

2027 жылдың соңына дейін Жетісай ауданындағы 7,04 шақырымдық «K-25-12» каналын толығымен бетондау жоспарланған. Ал Мақтаарал ауданындағы жалпы ұзындығы шамамен 32 шақырым болатын «K-15» және «K-17» каналдарын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Бұл инвестициялық жобалар сумен жабдықтау, су бұру және егістік алқаптарын суару тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Реконструкциялаудың маңызды аспектілерінің бірі – каналдар арқылы су тасымалдаған кезде шығынды азайту. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және жерді тұрақты әрі өнімді пайдалану мүмкіндігін береді. Іске асырылып жатқан жобалар Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы секторының дамуына айтарлықтай әсер етіп, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартады», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.