Ұзақ жылғы үзілістен кейін Қанат Ислам жекпе-жек өткізетін болды

фото: Әлеуметтік желі

Қазақстандық танымал боксшы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам араға бірнеше жыл салып, рингке қайта оралады,-деп хабарлайды Astana TV 1Бол!-ға сілтеме жасап. 

41 жастағы кәсіпқой боксшы Ali Akhmedov Promotions ұйымдастыратын Fight Night кәсіпқой бокс кешінде кезекті жекпе-жегіне шықпақ. Бокс кеші 27 желтоқсан күні Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өтеді. Қанат Исламның қарсыласы әзірге жарияланған жоқ.

Қанат Ислам кәсіби мансабында 29 жекпе-жек өткізіп, оның 27-сінде жеңіске жеткен. Бір рет жеңіліп, тағы бір жекпе-жекте тең түскен. Соңғы рет ол 2022 жылдың 7 қазанында аргентиналық Хавьер Франциско Масиельмен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен болатын.

Қанат Ислам – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Ол WBA Inter-Continental, WBO NABO, WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin және WBA Fedecaribe сияқты белбеулердің иегері. Сонымен бірге бір кездері WSB лигасындағы «Astana Arlans» командасының капитаны болған.

Бұл кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық Әли Ахмедов (24-2-0, 17КО) ганалық Делали Миледзимен (29-1-1, 22КО) қолғап түйістіреді.

Қанат Исламның қайта оралуы жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық туғызуда.