Ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшері төмендейді

фото: pixabay

2026 жылғы шілдеден ипотекалық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25-тен 20 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты,-деп хабарлайды Astana TV.

- Тұтынушылық кредиттеу қарқынын және азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін, агенттік заңнамалық және реттеушілік шаралар қабылдады. Банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасы шектелді. Биыл тамыз айынан бастап реттеушілік деңгейде 5 жылдан астам мерзімге кепілсіз кредиттер беруге тыйым салынды. Бұл шара кірісі төмен қарыз алушылар кредит беру мерзімін ұлғайтқан кезде борыш жүктемесінің коэффициентін айналып өтуге жол бермеуге бағытталған. Сондай-ақ үш жылдан бес жылға дейінгі қарыздар бойынша капиталға тәуекел-саралау 350 пайызға дейін ұлғайтылды, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысының айтуынша, 2024 жылдан бастап жаңа норматив – қарыз алушының жиынтық борышының оның жылдық кірісіне қатынасы енгізілді.

- Өткен жылғы тамыздан бастап жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі шекті мәндері төмендетілді: кепілсіз қарыздар бойынша 56-дан 46 пайызға дейін, кепілді қарыздар бойынша 40-тан 35 пайызға дейін, ипотекалық кредиттер бойынша 2026 жылғы шілдеден бастап 25-тен 20 пайызға дейін. Бұдан басқа, реттеушілік деңгейде борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылды. Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу барлық қарыздарға және барлық қарыз алушыларға қолданылды. Бұдан басқа, қарыз алушының төлемге қабілеттілігін бағалауға қойылатын талаптар күшейтілді, тәуекелі жоғары қарыз алушылардың өлшемшарттары енгізілді, сондай-ақ банктер үшін дефолттың шекті мәндері белгіленді, - деді ол.