Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы: елімізде шикізаттық емес өнімдер экспорттаушыларын ынталандыру шаралары әзірленді

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі алдағы үш жылға арналған бағдарлама шеңберінде шикізаттық емес экспортты белсенді дамыту қажеттігін атап өтті.

«Экономиканы әртараптандыру аясында шикізаттық емес экспортты белсенді дамытуға және өткізу нарықтарын кеңейтуге күш салу керек.
Қосылған құны жоғары өнім шығаратын отандық экспорттаушыларды қолдау құралдарын көбейту қажет.Атап айтқанда, қаржылық, институционалдық шаралар, логистика, отандық тауарларды шетелдерде және халықаралық электрондық алаңдарда ілгерілету бағытында жәрдем көрсету керек.
Бұл ретте мемлекеттік қолдауға ие болған экспорттаушылар өз кәсіпорындарын белсенді түрде жаңғыртып, өндірісті локализациялау үлесін арттыруға тиіс»,- деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сауда, Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шикізаттық емес өнімдерді экспорттаушыларды ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеу тапсырылды.