Археологиялық жұмыстар жөніндегі бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құрылады

фото: археология институты

Мәжіліс тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады,-деп хабарлайды Astana TV.

Құжатқа Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында берген археологиялық қызметті ретке келтіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін депутаттар бастамашы болды.

Аталған заң жобасы археология саласындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға және пайдалану мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Құжатта археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері туралы барлық мәліметті жинақтау үшін «Археологиялық жұмыстар жөніндегі бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе» құру қарастырылған. Сондай-ақ археологиялық жұмыстарды үйлестіру, археологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын тұлғаларға ғылыми кеңес беріп, ақпараттық-талдамалық қолдау көрсету үшін Ұлттық археологиялық қызметтің құзыреттері айқындалады.