Қазақстанда берілген дипломдар Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяда және Азия-Тынық мұхиты аймағының басқа да елдерінде мойындалады

фото: 24kz

Мәжіліс 2011 жылы 26 қарашада Токиода ЮНЕСКО-ның қолдауымен қабылданған Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялады,-деп хабарлайды Astana TV

Бұл Конвенция аймақтағы елдер арасындағы академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуге, дипломдарды, дәрежелер мен өзге де біліктіліктерді мойындауды жеңілдетуге, сондай-ақ оларды бағалауда ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжат аясында мүше мемлекеттер білім беру бағдарламаларында елеулі айырмашылықтар болмаған жағдайда басқа елдерде берілген жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тануға міндетті болады. Сонымен қатар әр мүше мемлекетте жоғары білім туралы ақпарат беретін ұлттық ақпараттық орталықтар құрылады. Білім беру жүйелері, аккредиттелген жоғары оқу орындары және сапаны қамтамасыз ету тетіктері туралы сенімді ақпаратпен тұрақты алмасу қамтамасыз етіледі.

Конвенцияны ратификациялау кезінде Қазақстан бейресми оқыту үлгілері арқылы алынған біліктіліктер мен ішінара оқу курстарын тануға қатысты бірнеше бапқа ескертпе жасады.

Қазіргі таңда Токио конвенциясы Ауғанстан, Армения, Австралия, Қытай, Фиджи, Ватикан, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркия сынды 12 мемлекетте таралған.