132 мектептің 1469 сыныбы қашықтан оқуға көшті

фото: pixabay

Елімізде 132 мектептің 1469 сыныбы қашықтан оқуға көшкен,-деп хабарлайды Astana TV

Бұл туралы Бас санитар дәрігер – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

 Бүгін таңертең алған мәлімет бойынша қашықтан оқу форматына көшу туралы шешім 7 өңірде қабылданған. Бүкіл республика бойынша 1469 сынып қашықтан оқуға көшкен. Мектеп емес, сынып бұл. 132 мектепте осынша сынып қашықтан оқуға көшкен. Астана қаласында 24 мектепте 182 сынып, Шығыс Қазақстан облысында 57 мектептің 204 сыныбы, Абай облысында 21 мектептің 276 сыныбы, Жамбыл облысында 14 мектептің 598 сыныбы, Қостанай облысында 12 мектептің 168 сыныбы, Ақмола облысында 3 мектептің 31 сыныбы, Қарағанды облысында 1 мектептің 20 сыныбы онлайн оқуға жіберілді, - деді Сархат Бейсенова.

Сондай-ақ, ол оқушыларды қашықтан оқуға жібермей бір сыныпта ғана оқыту арқылы аурушаңдықты ауыздықтауға болатынын айтты.

 Бас санитар дәрігердің 28 тамыздағы қаулысында оқушыларды қашықтан оқытуға жіберудің екі өлшемшарты бар. Біріншісі бойынша сыныптағы оқушылардың 20 пайызынан астам ауырса, сол сыныпта ғана кабинетте оқу жүргізуге болмайды. Яғни, оқушылар мектепте бір кабинетте ғана болады. Кабинеттен- кабинетке көшіп жүрмейді. Екінші өлшемшарт онлайн оқытуға байланысты. Егер сыныптың 30 пайыздан астамы бір инкубациялық кезеңде дәл осы жіті респираторлық вирус симптомдары бойынша ауырса, сол сынып онлайн оқуға жіберіледі, - деді ол.