Енді кез келген мекеме жұмысшыны еңбек келісімшартынсыз қабылдай алмайды. Тіпті жалақыны қолма-қол төлемейді. Мәжіліс еңбек құқықтарын қорғау туралы заңға өзгеріс енгізбек. Бірінші оқылымда депутаттар қызметкерлері үшін әлеуметтік жарна төлемейтін жұмыс берушілерді жазалау керек деп бастама көтерді. Қаіпсіздікті сақтау, декреттік демалысқа қатысты да біршама өзгеріс бар. Еркелді Тілеуқұл тарқатады.
Кафе-ресторандарда 2-3 ай жұмыс істеп, аяқ-асты қуылатын жастар көп. Жастар дейміз-ау үлкендерді де бір сәтте жұмыссыз қалдыратын мекеме жетіп артылады. Себебі олар жұмысшылармен келісім шарт жасаспайды. Сондықтан ойына келгенін істейді. Бір жағынан мемлекетке салық төлемеудің тәсілі етіп алған.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Әр адам өзін-өзі қорғауы үшін біз мүмкіндік жасауымыз керек. Заңда нақты жазуымыз керек. «Біз шешеміз, біз көреміз сыртынан. Егер біз көрген кезде кемшілік шығатын болса, оларға хат жіберіп, ұсыныс жасаймыз», - деген болмайды. Бұл – қорғау емес. Президент «Заң және тәртіп» деп айтты. Заң бұздың ба, жауап бер. Мақұл деп министрлік отыра бермеуі керек.
Жаңа заң жобасы қызметкерлердің құқығын қорғауға бағытталған. Бұған дейін жұмыс орнында жарақат алып, өтемақы ала алмай етегі жасқа толғандардың талайын көрдік. Тіпті, қайғылы жағдайлар да болды. Енді, осының барлығына тікелей жұмыс беруші жауапты болмақ.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қызметкердің өрескел абайсыздығы анықталған күннің өзінде, оның жауапкершілігін 25 пайыздан асырмауымыз керек. Бұл норма зардап шеккен қызметкерді қорғау үшін өте маңызды. Сонымен қатар, бұл – жұмыс берушінің жауапкершіліктен қашпай, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға ынталандыратын маңызды тетік деп санаймын.
Теңдік декретке де жетті. Мәжіліс мінберінде заң жобасын таныстырған Асхат Аймағамбетов ерлер мен әйелдер арасындағы еңбек теңдігін орнатамыз дейді. Ер-азаматтар осыған дейін де бала күтімі бойынша демалысқа шыға алатын. Бірақ, заң жүзінде басқа басымдықтары болмады.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Енді біз қазір не өзгертіп жатырмыз. Біздің осы заң жобасында қарап отырған нормамыз ол енді декретке шыққан әкелерге де, оның алдында тек декретке шыққан әйелдерде ғана осындай мүмкіндіктер болған. Ертең зейнетке шыққанда саналатын стажын есептеу мүмкіндігін береміз. Ол енді 3 жасқа дейінгі баламен отырған кезіндегі стажын базалық зейнетақы алу үшін де, 98-і жылға дейін жұмыс өтілі болса, солидарлық зейнетақы алуға да осы стаж саналады.
Мәжіліс отырысында еңбек құқығын қорғау бойынша тағы бірнеше норма талқыланды. Оның ішінде бір мекемеде бірдей жұмыс істеп екі түрлі жалақы алатындарды халық қалаулылары қатаң сынға алды. Әсіресе, шетелдіктерді тартып, оларға миллиондап еңбекақы төлеп отырғандар бар. Енді оларға тосқауыл қойылады.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне түскен шағымдардың 20 пайызы жұмыс берушілердің үстінен жазылған. Енді олардың салығы мен сақтандыру жарналары төленеді. Мәжілісмендер осы және өзге проблемаларды түбегейлі шешпек. Сонымен қатар, енді декреттегі ер-азаматтардың саны басымдық берілген жағдайда күрт артуы мүмкін. Әзірге бала күтімімен бір жылда шамамен 1000 астам әке үйде қалады-мыс.