Алматыда құрылысы 9 айға кешіккен №16 емханаға тексеріс жүргізілді

Алматыда 9 ай бұрын тұрғындарға қызмет көрсетуі тиіс №16 қалалық емханадағы сейсмокүшейту және күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. «AMANAT» партиясының өкілдері мен мәслихат депутаттары  құрылыс нысанына мониторинг жүргізді. Қолданысқа берілген бөлімнің өзінде  қабырғалар қисық, жаңа сылақтар үгітіліп жатыр. Депутаттар, жобаға жауапты мамандарды уақытты да, мемлекеттік қаражатты да дұрыс игере алмай отыр дейді.

5800 шаршы метрлік, бір уақытта 600 адам қабылдайтын әлеуметтік маңызы бар нысан бүгінде құрылысы аяқталмай қаңырап тұр. Көктемде бітуі тиіс жұмыстар жыл соңына дейін созылғанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Қисық қабырға, сапасыз сылақ жұмыстарынан бөлек,  жөнделді деп қолданысқа берген бөлімнің өзінде шатырдан  аққан су іздері анық көрінеді.

СТАНИСЛАВ КАНКУРОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Көзге көрініп тұрған кемшілік көп, сондықтан біз тексеріс жүргізуді бастадық. Мердігер кем-кетікті жоюға міндеттеледі немесе онымен жасалған келісімшарт тоқтатылады әрі лицензиясынан айырылады. Жұмыстың сапасы барлық жерде бірдей емес, пайдаланылған материалдар талапқа сай келмейді, жұмысшылар  жеткіліксіз.  

Нысанның жөнделген аймағы -60%. Құрылысқа жауапты КАЗЕВРОСТРОЙ компаниясы ескертулермен келісіп, барлық  кемшілікті төрт ай ішінде реттейміз деп уәде етті.

ДИДАР АХМЕТҚАЛИЕВ, “КАЗЕВРОСТРОЙ” ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Жақында арада барлығын орындаймыз. Замечаниелер берілді. Толықтай келісеміз. Біз бірінші блок постын бітіріп бердік. Сосын олар көшті. Олар мысалы олар жер жоқ болғаннан кейін бір ай күтті. Сосын барып көшті. Бір ай бізде кетті. Сосын олар бір блоктан екінші блокқа көшкен кезде тағы да бір ай кетті. Сол екі ортада бізде уже екі ай жоқ, срок.

Әлеуметтік емхананың тағдыры созбалаңға салынған сайын, тұрғындар сапалы медициналық қызметтен қағылып отыр. «AMANAT» партиясы жұмыс барысын жіті бақылап, тексеруді жалғастыратынын айтты.