Мәжіліс спикері Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасарын қабылдады

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркия Республикасының Әділет және даму партиясы төрағасының түркі елдерімен байланыс жөніндегі орынбасары Куршад Зорлуды қабылдады.

Кездесуде Ерлан Қошанов жуырда Түркия Қарулы Күштері ұшағының құлауына байланысты Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының және өзінің атынан көңіл айтып, бауырлас елдің халқына бейбітшілікпен тыныштық тіледі.

Мәжіліс спикері Қазақстан тарапы Түркі мемлекеттері ұйымының аясында өзара ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ерекше мән беретінін, бұл бағытта ТүркПА-ға мүше елдердің парламенттері осы ұйымаясында ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. 

– Екі ел арасындағы бауырластық байланыс жыл санап нығайып келеді. Бұл – бірінші кезекте, біздің мемлекеттер басшыларының үлкен жұмысының нәтижесі. Өзара тұрақты сапарлар, кездесулер арқылы беки түскен Қазақстан мен Түркия көшбасшыларының достығы жеміс беруде. Биыл шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша да бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Парламент деңгейінде де дәл сондай сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнады, – деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде, Куршад Зорлу түркі мемлекеттері арасындағы байланысты нығайтуда парламентаралық дипломатияның рөлі күшейгенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл маусым айында Астанада өткен ТүркПА-ның кезекті отырысы – осының жарқын мысалы. Онда түркі елдері парламенттерінің өзара іс-әрекетін тереңдету бойынша бірқатар маңызды шешім қабылданды. 

Сондай-ақ, әңгіме барысында партиялар желісі бойынша, парламенттер комитеттері деңгейінде және парламенттік достық топтары арқылы ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса назар аударылды. 

Кездесуге Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, Қазақстан-Түркия достық тобының жетекшісі Нұртай Сабильянов, Мәжілістегі«AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу қатысты.