Астанада ЖРВИ мен тұмаудың көбеюіне байланысты шектеулер енгізілді

Фото: BAQ.KZ

Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева ЖРВИ мен тұмаудың қарқынды өсуіне байланысты санитариялық-індетке қарсы шараларды күшейту туралы қаулыға қол қойды.

Эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр.

45-аптада қалада 23 002 ЖРВИ фактісі тіркелді. Бұл көрсеткіш 44-аптамен (30 қазан – 5 қараша) салыстырғанда 1,5 есе жоғары – ол кезде 14 994 жағдай болған.

14 жасқа дейінгі балалар сырқаттанғандардың 60% құрайды (14 018 жағдай), ал мектеп оқушылары үлесі — 25% немесе 5 752 дерек.

Осыған байланысты бірқатар міндетті шаралар енгізілді:

Үйге шақыртуды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

Медициналық қызметкерлер мен пациенттерге маска тағуды міндеттеу;

Емханаларда пациенттердің уақытын шектеу, қосымша қабылдау кабинеттерін ашу;

Кіреберістерде сүзгі кабинеттерін ұйымдастыру;

ЖРВИ және тұмау белгілері бар азаматтарды арнайы бөлмеде оқшаулап, амбулаториялық немесе стационарлық емге жолдау;

Медициналық ұйымдардың жұмыс уақытын ұзарту:

 • жұмыс күндері – 08:00–20:00,

 • демалыс және мереке күндері – 08:00–18:00;

Пациенттерге онлайн консультация ұсыну;

Мектептер мен балабақшалар: қашықтан оқу және таңғы сүзгі

Астана қаласының Білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасымен және МСАК ұйымдарымен бірлесіп, барлық білім беру ұйымдарында мына шараларды қамтамасыз етуі тиіс:

2025 жылғы 20 қарашадан 5 желтоқсанға дейін: бір сыныпта оқушылардың 30% және одан көбі ЖРВИ-мен ауырса, ол сыныпты қашықтан оқыту форматына ауыстыру;

бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныптың 20-30%-ында ЖРВИ жағдайы тіркелсе, он күнтізбелік күн бойы кабинет жүйесін тоқтату және сыныпқа жаңа балаларды қабылдамау;

әр ауысым алдында таңғы сүзгі жүргізу – жөтел, қызу, басқа да ЖРВИ белгілері бар балалар мен педагогтарды сабаққа жібермеу;

балалар үйлері, интернаттар, приюттар мен жасөспірімдерге арналған орталықтарда күнделікті сүзгіні (сауалнама, тексеру, қажет болғанда термометрия) ұйымдастыру;

балалардың, жасөспірімдер мен қызметкерлердің күнделікті қатысу мониторингін жүргізу, себептерін анықтау және ауру жағдайлары туралы медицина ұйымдарына хабарлау;

ЖРВИ және тұмау белгілері байқалған балаларды ата-аналары келгенге дейін оқшаулағышта ұстау, қажет болса жылдам түрде ауруханаға жеткізу;

медициналық пункттер мен оқшаулағыштарды термометр, шпатель, бір рет қолданылатын маска, тұмауға қарсы препараттармен жабдықтау;

үй-жайларда +18°С +22°С аралығында температуралық режимді сақтау;

кабинеттерде ылғалды жинау мен желдету режимін күшейту, үзіліс уақытын 10 минуттан 15 минутқа дейін ұзарту;

дәретханаларды сұйық сабын, бір реттік сүлгілермен қамтамасыз ету;

оқушылармен жеке гигиена және ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу тақырыбында түсіндіру жұмыстарын, тақырыптық диктанттар өткізуді ұйымдастыру;

бұқаралық мәдени, мерекелік және спорттық іс-шараларды уақытша тоқтату.

Қаулыда эпидемияға қарсы іс-шаралар Астанада ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін жалғасатыны көрсетілген.

Денсаулық сақтау органдары тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге және алғашқы белгілер пайда болғанда дереу дәрігерге жүгінуге шақырды.