Қ. Сәтбаев атындағы каналда төрт жаңа трансформатор іске қосылды

Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Қазсушар» РМК-ның «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы жеті жаңа трансформаторды жинақтау және пайдалануға беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов филиалдың 2025 жылдың басынан бері атқарған жұмысы туралы есебін тыңдады.

Бүгінде каналда төрт жаңа трансформатор іске қосылды. Ал қалған үшеуін 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Нысанды кешенді қайта жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес, 2028 жылдың соңына дейін Қ. Сәтбаев атындағы каналда барлығы 17 жаңа трансформатор орнатылып, 19 насос қондырғысы ауыстырылады.

2025 жылдың соңына дейін каналда төрт насос қондырғысын ауыстыру жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың екеуін орнату жұмыстары басталды.

«Мемлекет басшысының Қ. Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту және реконструкциялау жөніндегі тапсырмасы белгіленген кестеге сай жүзеге асырылып жатыр. Нысандағы жұмыстар су ресурстарына деген сұраныстың артуына байланысты жүргізілуде. Жоба елді мекендер мен өнеркәсіп орындарын сумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сондай-ақ каналдың ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді»,-деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.