ҰБТ форматы өзгереді

Фото instagram.com/ruslan_yemelbayev

Қазақстанда Бірыңғай ұлттық тестілеудің (ҰБТ) жаңа форматы пайда болуы мүмкін,-деп хабарлайды Astana TV.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша,  қазақстандық түлектерге әлемнің кез келген жоғары оқу орнына тапсыруға мүмкіндік беретін жаңа тест әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта жоба дайындық кезеңінде, ал толық іске асыру 2027 жылдан ерте басталмайды.

Министрдің айтуынша, кейбір халықаралық жоғары оқу орындары қазақстандық ҰБТ нәтижелеріне сенімсіздік танытады. Сондықтан, халықаралық стандартқа сай, әлемдік университеттер мойындайтын тест қажет.

Біздің тестологтар бұл тест жоғары оқу орнына түсу үшін әмбебап мойындалатын форматта болғанын қалайды. Алдын ала жоспарымыз бойынша, біз бұл жаңа тестті әзірлеуге кемінде тағы бір жыл жұмсаймыз. Бұл, менің ойымша, кемінде 2027 жылдан бастап қана іске асады. Осы жаңа тестпен сіздер шетелдік университеттерге де, Қазақстан аумағында ашылған олардың филиалдарына да түсе аласыздар, – деді Саясат Нұрбек.

Жаңа тесті әзірлеу үшін қазақстандық мамандар Educational Testing Service (ETS) ұйымының штаб-пәтерінде оқудан өтеді. ETS – әлемдегі SAT, TOEFL секілді танымал тестердің авторы.

Дәстүрлі ҰБТ қажеттілік жойылғанға дейін өткізіле береді. Бірақ болашақта талапкерлердің басым бөлігі халықаралық тесті таңдаса, ҰБТ-ға деген қажеттілік бірте-бірте азаюы мүмкін деді министр.