Қазақстанда рұқсатсыз видеоға түсіруге тыйым салынуы мүмкін

фото: pixabay

Қазақстанда рұқсатсыз видеоға түсіруге тыйым салынуы мүмкін,-деп хабарлайды Astana TV.  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пранктер мен жасырын түсірілімдерге қатысты шағым көбейгенін айтты. Оларды рұқсатсыз түсіруге тыйым енгізу ұсынылып жатқанын жеткізді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, кімдерді және қандай жағдайда түсіруге болатыны анықталмақ.

«Біз ештеңені толықтай тыйғымыз келмейді. Біз тек адамдарды рұқсатсыз, әр жерде түсіретін жағдайларды шектеуді қалаймыз. Мемлекеттік қызметкерлерді, өз міндеттерін атқаратын лауазымды тұлғаларды түсіру қалыпты, бұған бәріміз үйрендік. Ал кейбір пранк видеолар немесе рұқсатсыз жасалатын жеке түсірілімдер бар. Сондықтан осы ережені біз міндетті түрде талқылаймыз. Себебі жұмыс тобы енді құрылып жатыр. Егер қаласаңыздар, мен бәріңізді осы жұмыс тобына қосып, түсірудің шекараларын: кімді түсіруге болады, кімді болмайды, қалай түсіру керек екенін бірге анықтай аламыз», – деді министр.