42 лауазымды қызметкерге айыппұл салынды

фото:© Sputnik / Абзал Калиев

 Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті жүргізген іс-шаралар нәтижесінде 28 658 заң бұзушылық анықталды,-деп хабарлайды Astana TV.

Департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсаловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, заң бұзушылықтың 14 643-і немесе 57,1 пайызы денсаулық сақтау, 5 979-ы (23,3 пайызы) ауыл шаруашылығы, 4 997-сі (8,3 пайызы) сәулет және құрылыс, 1 290-ы (5 пайызы) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 827-сі (2,5 пайызы) жер қатынастары, 422-сі (1,6 пайызы) көлік және коммуникация, 500-і (1,9 пайызы) өзге салалардың үлесіне тиеді.

Оның сөзіне қарағанда, 57 бақылау іс-шарасын жүргізу барысында 9 747 бұзушылық анықталған. Мұның көпшілігі немесе 6 520-сы (66,9 пайызы) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін сақтамаушылық болып отыр. 

- Сонымен қатар сыртқы мониторингпен 18 911 бұзушылық белгілі болса, осының 13 232-сі – негізсіз бас тарту, 1 908-і – құжат топтамасы толық болмаған жағдайда қызмет көрсету, 1 583-і – мерзімін бұзу, 1 710-ы – өзге бұзушылықтар. Бұларға жол берген кінәлі 36 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабына (рұқсат берудің тәртiбiн және мерзiмiн бұзу) сәйкес 64 хаттама толтырылып, 42 лауазымды қызметкерге 3,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды, - деді департамент басшысы. 

Оның айтуынша, жыл басынан бері әдеп жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, 59 мәселе (мұның 42-сі немесе 71 пайызы профилактикалық бағытта) қаралған. 

- Әдеп жөніндегі кеңес ұсынымына сәйкес 16 лауазымды қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Соның ішінде Әдеп кодесінің талаптарын сақтамаған 1 адам ескерту, екеуі сөгіс, үшеуі қатаң сөгіс, төртеуі қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алды. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін 5 қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілсе, біреуі жұмысынан босатылды, - деп қосты М.Байсалов.