"Парламенттік реформаға 300-ге жуық ұсыныс түскен",- Е.Қарин

«Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғалы бір айдың ішінде азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 300-ге жуық ұсыныс түскен. Бұл туралы   бүгін Президент қабылдауында болған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. 6 саяси партия - «Amanat», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да өз ұсыныстарын жолдаған. Онда бір палаталы парламенттің қызметі мен парламенттік партиялардың өкілеттігіне қатысты тетіктер қамтылған. Қазір барлық ұсынысты талдау және жүйелеу ісі қолға алынған. Жұмыс тобының екінші отырысын биыл 2 желтоқсанда өткізу жоспарланған. Жиында ұсыныстар жекелеген бағыттар бойынша жан-жақты қарастырылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  барлық бастаманы жан-жақты қарап, олардың негізінде парламенттік жүйені жаңғырту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.