Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы мың тоннасы жеткізілді

Фото: Ақорда

 

Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді, деп хабарлайды Astana TV.

– Мен Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылығымды білдірдім. Мысалы, биылғы қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша. Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру – маңызды міндеттің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Армения жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келісті. Президент цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Қазақстанда цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Армения ІТ-технологиялар мен стартап экожүйесінде айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бұл – екі елдің экономикасын дамытуға тың серпін беретін маңызды сала. Осы орайда, жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келістік, бұл бағытта бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне тоқталдық. Премьер-министр Пашинян мырза аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub және Alem.ai жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысады. Келесі жылы Alem.ai негізінде Арменияның TUMO Astana халықаралық білім беру орталығы ашылады, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян мәдени-гуманитарлық байланыстар туралы пікір алмасты.

– Біз білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасты дамыту жолдарын талқыладық. Студент алмасу үшін үкіметаралық келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өттік. Екі елдің денсаулық сақтау саласындағы әлеуетін ескере отырып, алдағы жылдары Қазақстанның Армениядағы, Арменияның Қазақстандағы медицина күндерін өткізуге келістік. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара байланыстар туралы пікір алмастық. Былтыр Астанада Армения мәдениетінің күндері өткенін білесіздер. Ал биыл Ереванда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылды. Армения астанасында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Бүгін елорда көшелерінің біріне ұлы армян ағартушысы Месроп Маштоцтың есімі берілді. Осындай бастамалар халықтарымыздың рухани жақындығын көрсетеді. Бұл – елдеріміздің ұлт перзенттеріне деген шынайы құрметінің көрінісі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігеріне және ұсынған жоспарына қолдау білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, тараптар аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, екі елдің көптеген түйткілге қатысты ұстанымдары ұқсас екенін растаған.

– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігерін және ұсынып жатқан жоспарын қолдаймын. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды, – деді Президент.