Астанадағы стоматологиялардың бірінде 3 жасар қыз көз жұмды. Бала анестезиядан кейін оянбай қалған. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір сот отырысы өтуде. Жәбірленуші тараптың айтуынша, ем кезінде медициналық стандарттар сақталмаған. Баланың миы ісіп, жүрегі тоқтаған. Егер мамандар бірден бүкіл тісті емдеуге тырыспағанда, бала аман қалуы мүмкін еді дейді. Ал дәрігерлер емшараның қауіпсіз екеніне сендірген.
ТАЛҒАТ ҚҰМАРОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
9-да басталған емшара түскі екіге дейін созылған. Жұбайым хабарласып, бала оянбай жатыр, жедел-жәрдем келді деді. 40-45 минут бойы баланың есін жидырмақшы болып, алғашқы көмек көрсеткен. Кейін бізге баланың жүрегі тоқтап, миы ісіп кеткендігін жеткізді.
Тексеру кезінде клиникада мерзімі өткен дәрілер, сертификатсыз препараттар және ұзақ седация стандарттарының бұзылғаны анықталған. Сапаны бақылау департаменті мен кешенді сот сараптамасы анестезиолог пен стоматологтың қателігін көрсеткен, бірақ тек анестезиолог тергеліп, стоматолог әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жатыр дейді жәбірленуші тарап. Олар барлық дәрігердің жауапқа тартылуын талап етеді. Бүгін адвокаттың сот отырысына келмеуіне байланысты сот кейінге қалдырылды.
НАДЕЖДА ХОН, КЛИНИКА ДИРЕКТОРЫ:
Іс анестезия маманына қатысты. Біз оны жұмыстан шығардық. Мен ол жерде болған жоқпын, ештеңе деп сізге пікір білдіре алмаймын. Өйткені өзім де нақты ештеңені білмеймін.