АҚШ Украинадағы соғысты тоқтату үшін бейбіт жоспар ұсынды

АҚШ Украинадағы соғысты тоқтату үшін бейбіт жоспар әзірледі. Трамптың бүкіл командасы атсалысқан бұл жобада 28 пункт бар. Зеленский де, соғысты тоқтатуға әзір екенін жеткізді.  Осы және өзге де шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл айтады.

Бір ай бойы міз бақпай жұмыс істеп, Трамп әкімшілігі соғысты тоқтату бойынша бейбіт жоспар ұсынды. Оның ішіндегі әр пункт ғаламторда тарады.  АҚШ билігі Украина мен Ресей жауабын күтіп, неғұрлым тез келіссөзді бастаңдар деп қос елге талап қойған.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Президент Трамптың арнайы кеңесшісі Уиткофф пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бұл жоспар бойынша жұмысты бір ай бойы құпияда ұстады. Дегенмен, Украина мен Ресей билігі өз талаптарын ұсынып, өзгерістер енгізілді. Қос мемлекет те осы бейбіт жоспармен келіседі деп қазірден айта аламыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Украина өкілі бейбітшілік орнатуға дайын екенін  жеткізді. Дегенмен, кейбір бөліктер бойынша келіспейтінін  айтты.

КРИСТИНА ГАЙОВИШИН, БҰҰ-ДАҒЫ УКРАИНА ЕЛШІСІ:

Америка Құрама Штаттарының бейбітшілік үшін атқарып жатқан жұмысы орасан-зор екенін көріп отырмыз. Бейбіт жоспарды алдық және мұқият зерттедік. Әлбетте, соғыстың тоқтауын қалаймыз. Дегенмен, ол процесс те әділ болуы керек. Сондықтан, еуропалық және америкалық одақтастарымызбен әлі де ақылдасуымыз керек. 

Ақ үйге коммунист келе жатыр. Трамптың баспасөз хатшысы Нью-Йорктың жаңадан сайланған мэры Зоран Момданиды мазақ етті. Кэролайн Ливиттің айтуынша, Президент кез-келген адаммен, келіссөзге дайын.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Еліміздегі ең үлкен қаланың мэры ретінде Демократиялық партия Момданиді ұсынған екен. Ол сайлауда жеңді. Енді Президент Трамп өз кабинетінде коммунистті қабылдайды. Тарихта болмаған жағдай. Нью-Йорк солшыл қала болып бара жатыр. Оған қарамастан, Президент кіммен болса да, келісіп, Америка халқы үшін жұмыс істеуге дайын.

20 жылдан кейін, барлық адамзат жұмыссыз қалады, бірақ, кедейлік мүлдем жойылады. Илон Маск Жасанды Интеллектке арналған конференцияда осылай деді.

ИЛОН МАСК, КӘСІПКЕР:

Мен үшін 20 жыл өте ұзақ мерзім. Оған болжам жасайтын болсам, Жасанды Интеллект пен робототехника осы қарқынмен дамығанның өзінде адам танымастай өзгеріс болады. Жұмыс істеудің қажеттілігі болмайды. Ақшаның өзі қазіргідей құнды бола қоймас. Сол кезде кедейлік те мүлдем жойылады.

Израиль Палестинаға озбырлығын тоқтатар емес. Күні кеше Йордан өзенінің Батыс жағалауында 17 адамды өлтірген.