«AMANAT» партиясы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында салық мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды

«AMANAT» партиясы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында маңызды бастама көтерді. Дәлірек, 1 желтоқсанға дейін оңайлатылған декларациямен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылдауға шақырды. Қазірдің өзінде 8 облыстағы 27 аудан мен қалада төлем көлемі екі-үш процентке дейін төмендеген. Бұл қадам кәсіпкерлердің шығынын қысқартып, бизнестің ашық әрі тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.  

Келер жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл норма елімізде салық салу жүйесін түбегейлі реформалауды көздеп отыр. Яғни, 1 қаңтардан бастап  кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізудің жаңа ережелері бекітіледі. Соған сай «AMANAT» партиясы оңайлатылған декларация негізінде арнайы төлем мөлшерін төмендету туралы бастама көтерген еді. Ұсыныс 1 желтоқсанға дейін толық шешілуі тиіс. Кәсіпкерлердің мүддесі үшін қолға алынған бастаманың жүзеге асуы өңірлік мәслихатқа байланысты.

Бұл жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Әуелі Мәслихаттағылар өңірдегі экономикалық жағдайды зерттейды. Сол жердегі шағын бизнес санынан бастап бюджетке түсетін кіріске дейін есептеуі шарт. Сосын комиссия іске кіріседі. Экономикалық талдау жасайды,бизнес өкілдерін тыңдайды, салықты қанша пайызға түсіруге болатынын талқылайды. Артынша шешім қабылданады. Бұл процесс дауыс беру арқылы жүзеге асады. Құжат бекітілгеннен кейін ресми жарияланып, келесі жылдан бастап күшіне енеді. Осылайша әр аймақ өз бизнесінің мүмкіндігін ескере отырып, жаңа мөлшерлемені өзі белгілейді.

АҚЫЛБЕК ДАНАБЕКҰЛЫ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНДАҒЫ «AMANAT» ДЕПУТАТТЫҚ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ақмола облысында кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шаралар қабылданып жатыр. Облыстық мәслихаттың шешімімен облыстың 7 аймағында шағын және орта бизнес субъектілері үшін арнайы салық режимі бойынша салық мөлшерлемесін төмендету қолдау тапты. Атап айтқанда, бұл қатарға Қосшы қаласы, Аршалы, Атбасар, Астрахан, Бурабай, Ерейментау аудандары және басқа да аймақтар кіреді. Қалған өңірлер бойынша шешімдер осы айдың соңына дейін қабылданады деп күтілуде.

«AMANAT» бастаған маңызды қадамды қоштай кеткен Қосшы қаласы ғана емес.

Дәл осындай 8 облыстағы 27 аудан мен қалада салық көлемі екі-үш пайызға дейін төмендеген. Мәселен, Ақмола облысының басым бөлігі 2% мөлшерлемені бекітіп үлгерді. 7 аймақ келісімін берген. Өскеменде шешім 28 қазанда қабылданды. Нәтижесі қазірдің өзінде білінеді. Аймақта бизнес саны өсіп жатыр. Ал Аққайың ауданында 4%-дан 3%-ға түсті. Атырау облысында да жұмыс жүйелі. Бастаманы Махамбет, Жылыой аудандары қолдаған. Тізім әріқарай жалғаса береді. Тағы 60 аудан қаржы жүктемесін төмендетуді қарастырып жатыр.

КҮЛПАРШЫН АЙДАРХАНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНДАҒЫ «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгінде Ақтөбе облысында шағын және орта бизнеске нақты қолдау көрсететін маңызды қадам жасалып жатыр. Ақтөбе қаласында және 12 ауданда мәслихаттар арнайы салық режимі бойынша ставканы төмендетуді қолдады. Ақтөбе қаласында ол төмендетілді 3 пайызға, аудандарға 2 пайызға. Бұл жай ғана техникалық шешім емес, бұл кәсіпкерлер үшін, әсіресе, қызмет көрсететін кәсіпкерлер және сауда саласында қызмет жасайтындарға тікелей жеңілдік.

Қазір біраз шағын кәсіп иелері – дүкендер, шеберханалар, қызмет көрсету орындары табысын оңайлатылған декларация арқылы көрсетеді. Бұл режим қолайлы болғанымен, салық мөлшерлемесі кей өңірлерде әлі де жоғары. Егер партия көтерген бұл қадам қабылданса кәсіпкерлердің шығыны қысқарып, бизнестің ашық әрі тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, мөлшерлеме азайса бизнес тынысы кеңейеді, ал бизнес өссе экономикаға жаңа серпін береді.

ДАУЫЛ БЕЙСЕНҚҰЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Тараз қаласы және 8 ауданда Мәслихаттың тиісті шешімдер қабылданды. Көтерме салықтық мөлшерлеме 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Бұл кәсіпкерлерге, қызмет көрсету саласындағы қызметкерлерге біршама қолдау болады.

«AMANAT» партиясы бұған дейін де кәсіпкерлерді қолдау керегін айтып, талай бастама көтерген. Сондықтан бұл бір реттік акция емес, ұзақ мерзімді саясат. Бизнес өкілдерінің мәселесін тыңдамай, өңірді дамыту мүмкін емес. Сол үшін ұсыныс айтып қана қоймай, әр аймақтағы шынайы жағдайды саралап, кәсіпкерлердің сұрағын жауапты органдарға жеткізу – партияның мақсаты. Кәсіпкерлік дамыған жерде қоғам да еңселі болады. Бүгін қабылданған әр шешім - ертеңгі экономикалық өсімнің негізі.