Оралда ауыл шаруашылығы күні аталып өтіліп, сала үздіктері марапатталды. Жыл он екі бай бойы төрт түлікті баласындай мәпелеген малшылар мен қамбаға астық құйған диқандардың ауыр еңбегі елеусіз қалмады.
Бүгін сауыншының да, қарапайым бақташының да еңбегі еленді. Солардың бірі - 22 жасынан бері ата кәсіпке адалдығын танытып, 30 жылдан бері мал соңында жүрген Қанат Биғалиев.
ҚАНАТ БИҒАЛИЕВ, БАҚТАШЫ:
Мал бағу да оңай емес. Таңертең шығарасың, кешке айдап келесің. Жауапкершілік қой мал бағу деген.
Биыл өңірдің ауыл шаруашылығы үшін берекелі жыл болды: саланы қолдауға бюджеттен 56 миллиард теңге бөлініп, соның нәтижесінде мал саны еселеп артты, қамбалар дәнге толды. Тартылған инвестиция да былтырғыдан көп.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ауылдың әлеуетін арттыру - ел дамуының басты басымдықтарының бірі екенін ерекше атады. Бүгінгі жетістіктер – сіздердің маңдай терлеріңіз бен ерен еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздер елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен қоғамның тұрақты дамуының басты тірегісіздер.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің 60% мал шаруашылығына тиесілі. Әрі өңір етті түлік саны бойынша республикада бірінші орында тұр. Бейнеттен қашпаған еңбеккерлердің арқасында сиыр мен қой 1 миллионнан асқан.
АРМАН БИҒАЛИЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ауыл мықты болса - қаламыз мықты болады. Ауыл бай болса - қала бай болады. ГМО-сыз, химикатсыз, таза отандық өнім келетін болса, сүт, құрт, қаймағымыз, майымыз, дәніміз, астығымыз, мұның барлығы халық үшін, ел үшін үлкен қолдау. Сондықтан гүлдене берсін деп тілек айтамыз.
НӘСІПҚАЛИ ҚАЙРХОМОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Мен 1952-жылдан бері қарай малмен араласамын. Төрт түлік мал өсіреміз қазір. 200-дей жылқы бар, 60 шақты түйе бар, үш жүздеген қой бар, 400-дей ешкі бар. Түйеден шұбат өндіреміз. Жылқыдан қымыз өндіреміз. Ешкі сауамыз, енді сиыр менен қой өз алдына ғой.
Былтыр облыста алғаш рет «Қаладан ауылға» бағдарламасы қолға алынды. Мақсат - ауылды сақтап, көркейту. Қала тұрмысынан қажыған екі жүздей отбасы бастаманы қолдап, ата қонысқа қайта көшті. Көштің басын ауылға бұрғандарға жеңілдетілген несие, жер мен баспана беріліп, кәсіп ашқысы келетіндерге мемлекет жан-жақты қолдау көрсетті.