Бүгін Абай облысында аграрлық сектордың үздік өкілдері марапатталды. Салтанатты шара барысында ауыл еңбеккерлеріне мемлекеттік және салалық наградалар, сондай-ақ Үкімет басшысының және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
«Алтын күз» шарасы аясында Абай облысының әкімі ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумындағы сөзінде: «Жалпы, ауыл мәселелерін мемлекет пен бизнес бірлесе шешуі керек. Ауылға келіп, агроөнеркәсіп саласымен айналысатын жас кәсіпкерлерді жоғары бағалаймын. Тек жауапкершілігі мол кәсіпкерлер мен инвесторлар елдегі оң өзгерістердің шынайы көшбасшысына айнала алады. Мемлекет сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, еңбектеріңізге лайықты баға береді», – деп атап өтті.
Жыл басынан бері салаға 46 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Биыл 10 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 400 млрд теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашылып, техника паркі жаңартылуда.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бұл жетістіктер – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының, сондай-ақ сіздердің табанды еңбектеріңіздің нәтижесі. Ауыл еңбеккерлерінің күнделікті еңбегі өңір тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, облыс экономикасының дамуына үлкен үлес қосуда. Сіздерге шын жүректен алғыс білдіремін, зор табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Биыл алғаш рет ауыл шаруашылығының үздік еңбеккерлеріне 10 автокөліктің кілті табысталды. Аймақ басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ерекше басымдықтардың бірі екенін, ал агросекторды қолдау бұл міндеттерді табысты орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.