Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында адам өлімі көбейген

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2017
  • 4337

Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстары өлім-жітім, оның ішінде ана өлімінен көш бастап тұр. Бұл туралы 9 айды қорытындылаған Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде белгілі болды. Жыл басынан бері барлық көрсеткіштерге қол жеткізген бір де бір аймақ жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің басшысы ана өлімі 12 облыста өскенін айтты.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комитет жетекшісі:

Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында 2016 жылмен салыстырғанда көрсеткіштер нашарлап кеткен. Олардың ішінде жалпы өлім көрсеткіші, ана өлімі, қатерлі ісіктерді ерте анықтау мен ісікке шалдыққандардың 5 жыл өмір сүруі. Жалпы өлім деңгейі бойынша 10 облыста өсім байқалады. 

Ана өлімі - 12,3%, ал болжам 11,4 пайыз деңгейінде болуы керек. Қатерлі ісікке шалдыққандардың 5 жылдық ғұмыр сүруі 48 пайыз, жоспарға сай, 51 пайыз болуы тиіс. Ал қатерлі ісіктерді ерте анықтау деңгейі 57,7 пайыз. Жоспар - 58,2 пайыз. Ал Қостанай өңірінің денсаулыққа жауапты басшысының пікірінше, өңірде өлімнің көбейгеніне қариялардың көптігі себеп екен.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Еліміздегі өлім-жітімнің негізгі себептерін бәріміз білеміз. Олар - тыныс алу жолдарының ауруы, жүрек-қан тамырлары ауры, жарақаттар мен онкология. Қостанай 6 көрсеткіш бойынша нәтижеге жетпеген. Сіз жалпы өлім көрсеткіші тұрғындардың қартайып жатқанынан дейсіз. Сіз өлім деңгейінің көптігін қарттардың көптігіне жатқызбай, осы көрсеткіштерді жақсартсаңыз, нәтижені көресіз. Атырау облысы экономикалық тұрғыдан депрессиялық аймақ емес. Ал көрсеткіштері, өкінішке орай, көңіл көншітпейді. Сіздерге ерте скринингке назар аудару керек. 

Жүргізілген сараптама халықтың 70 пайызының медицина сапасына көңілі толмайтынын көрсеткен. Енді бұдан былай Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілердегі халықтың шағымын ескеретін болды. Министр, тиісті аккаунттар жасап, әр арызға жауап беруді тапсырды.