Қазақстан FIFA Series 2026 матчтарын қабылдайтын елдер қатарына кірді

Фото: fifa.com

Қазақстан 2026 жылы өтетін жаңа халықаралық турнир — FIFA Series ойындарын қабылдайтын елдердің бірі болды.

Жаңа турнирге әлемнің әртүрлі континенттерінен ерлер және әйелдер ұлттық құрамалары қатысады. Мақсат — конфедерациялар арасындағы футбол деңгейін жақсарту, тәжірибе алмасу және командаларға жаңа қарсыластармен ойнау мүмкіндігін беру.

2024 жылы өткен пилоттық жоба сәтті атқарылғаннан кейін, 2026 жылы турнир алғаш рет ресми форматта өтеді. Бұл жолы жарысқа әйелдер құрамалары да толыққанды қатысады.

ФИФА президенті Джанни Инфантиноның айтуынша, FIFA Series футболдың әмбебаптығын арттырып, елдер арасындағы спорттық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Қазақстан 2026 жылғы турнирде ерлер құрамалары арасындағы матчтарды қабылдайды. Матчтар өтетін елдер қатарында Қазақстан, Аустралия, Әзербайжан, Индонезия, Маврикий, Пуэрто-Рико, Руанда, Өзбекстан бар.

Ал әйелдер матчтары Бразилия, Кот-д’Ивуар және Таиландта өтеді.

Федерацияның мәліметінше, қазіргі уақытта тағы бірнеше ұлттық ассоциациямен келіссөздер жүріп жатыр.

Турнирге қатысатын барлық ел тізімі 2026 жылдың басында жарияланады.