Қазақстанда жол қозғалысы ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Өзгерістер биылғы жылдың 23 қарашасында күшіне енеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Елді мекендерде жүк көліктерінің жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін шектелді.
Бұл шектеу жол белгілерімен нақты жылдамдық көрсетілген учаскелерде қолданылмайды (мысалы, 80-90 км/сағ).
"Жылдамдықты төмендету жаяу жүргіншілердің қаза болу қаупін азайтуға бағытталған. БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жылдамдық 60–65 км/сағ болғанда жаяу жүргіншінің қаза болу ықтималдығы 50 км/сағ-пен салыстырғанда 4,5 есе жоғары", - деп түсіндірді полиция.
Көріну нашарлаған кезде (боран, тұман, қар, жаңбыр) жол апатының алдын алу мақсатында колонна жүрісі кезіндегі полиция қызметкерлері мен жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Патрульдік көлік құралдары ілесіп жүретін колонналарға қатысты талаптар да жаңартылды.
Мысалы:
колонна ішінде маневр жасауға, басып озуға немесе өздігінен тоқтауға тыйым салынады;
көлік тізбегіндегі көлік саны 10-нан асса, екі патрульдік көлікпен ілесіп алып жүру міндетті;
М2 және М3 санатындағы барлық автобусқа жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін аялдамаларда тоқтауға рұқсат етілді.
Ірі көлемді және қауіпті жүктерді, велосипедшілер топтарын, сондай-ақ балаларды тасымалдайтын автобустарды ілесіп алып жүру кезінде жылдам алынатын (магнитті) бекітпесі бар қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маяктарды рұқсатсыз қолдануға болады.
Бұған дейін мұндай маяктарды пайдалану үшін рұқсат құжаттарын алу, қайта жабдықтау рәсімінен өту және техникалық куәлікке белгі енгізу талап етілетін. Сондай-ақ жол қағазын (путевой лист) электронды түрде қолдануға рұқсат берілді.
Визуалды қабылдауды жақсарту мақсатында барлық сурет, жол белгілері мен жол таңбалары цифрландырылды.