Бір жыл бұрын ауыр дерттен көз жұмған баланың атын пайдаланып, алаяқтар ақша жинаған. Алматы облысы тұрғының айтуынша, ауруханадағы емі үшін қаражат керек деген желеумен олар жұртты алдап, пайда тауып отырған көрінеді. Онсыз да баласынан айырылып, қайғырып отырған ана алаяқтар жазалансын дейді.
Оңласын Асылбаеваның ұлы бір жыл бұрын ауыр дерттен көз жұмған. Кенжесінен айырылып, есеңгіреп қалған ана енді ғана өзіне өзі келе бастағанда тағы қиналып отыр. Алаяқтар марқұм Диастың есімін пайдаланып, ақша жинаған.
ОҢЛАСЫН АСЫЛБАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
18-ші қараша міне 2025 те түннің жарымында қызым звондап тұр. Мама мына видеоны қарашы деп. Сонда менің балам, өлген баламның атынан сбор жинап отыр. Қайдағы біреулер сбор ашып менің баламның жанын қинап жатыр. Мен одан ұйықтаған жоқпын. Таң атқанша ұйықтаған жоқпын. Жатсам баламның бейнесі көз алдыма келе береді.
Небәрі он екі жасында өмірмен қоштасқан Диас аурумен үш жыл арпалысыпты. Түркияда ем алған. Көпбалалы ана өмірге құштар болған баласының жеті операцияны да еңсеріп, соңына дейін үміт үзбегенін айтады. Отандық дәрігерлер дұрыс диагноз қоймағандықтан, баламнан айырылып қалдым дейді. Енді мынау, алаяқтардың Диастың есімін пайдаланып пайда тауып жүргені оның жүрегіне тағы қаяу салып отыр. Полицияға арыз жазған, іс қозғалды.
ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеу мақсатында процессуалдық тексеру жүргізуде. Аталған жұмыстардың нәтижесі бойынша іске қатысты қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады.
ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Қайғыдан қан жұтқан ана тиісті мекемелерге бірнеше рет арыз жолдаған. Алайда жауапты органнан «медицина қызметкерлерінің тарапынан кемшілік анықталмады» деген жауап алыпты. Ең болмаса, қыршын кеткен құлынымның атын пайдаланып алаяқтық жасағандар жазаға тартылсын дейді ол.