Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, ықпалдастықтың басым бағыттары белгіленгенін жеткізді, деп хабарлайды Astana TV.
Әуелгі кезекте сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды.
– Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан Президентімен бірге өзара сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік, – деді Президент.
– Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл шаруашылығы ықпалдастықтың маңызды саласы саналатынына тоқталды.
– Қазақстан бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруды егжей-тегжейлі талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық, – деді Президент.