"Қазақстан-Түрікменстан өзара сауда айналымды бір миллиард долларға ұлғайтады",- Президент

Түрікменстан – Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді серіктес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесуінде осылай деді. Қос халықты шынайы достық, ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар біріктіретінін атап өтті. 

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды бүгін Ақордада қарсы алды. Салтанатты шарада протоколға сай ресми шаралар өтті. Мұнан соң тараптар жоғары деңгейде келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес және бауырлас мемлекет санайтынын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, экономикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері және мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие.

Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

СЕРДАР БЕРДІМҰХАМЕДОВ, ТҮРІКМЕНСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Сізге түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, құрметті Гурбангулы  Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізуге рұқсат етіңіз. Бүгінде Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттары негізінде дамып келеді. Өзара ықпалдастығымыз саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтиды.

Бұдан кейін келіссөздер екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық ықпалдастық мәселелерін талқылады. Энергетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім беру және медицина салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақ пен түрікмен – ежелден достығы жарасқан туыс халықтар. Біздің тарихымыз және мақсат-мұратымыз – ортақ, мәдени-рухани құндылықтарымыз – бір. Біз Түрікменстанмен ынтымақтастықты тату көршілік және өзара қолдау рухында барынша нығайтуға айрықша мән береміз.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпалдастыққа айрықша назар аударылды. Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайған. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биыл да оң көрсеткіштер сақталып отыр. Түрікмен капиталының қатысуымен жұмыс істейтін шамамен 140 компания сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға маңызды үлес қосуда. Олар Қазақстанда табысты жұмыс істеп тұр. Қазақстанның Түрікменстан экономикасына салған инвестициялары 120 миллион доллардан асып түсті. Қазақстан Үкіметіне екі ел бизнесіне қажетті қолдау көрсету жөнінде тапсырма берілген.

Бұдан соң  Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов  БАҚ өкілдеріне сұқбат берді.  Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, ықпалдастықтың басым бағыттары белгіленгенін жеткізді. Тараптар сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға алмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік.

Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық.

Тараптар ауыл шаруашылығы ықпалдастығына да тоқталған. Түркімен тарапына бидай, өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерін жеткізуде әлеуеті жоғары. Сондықтан  Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу бойынша да келісім жасалған. Бұдан бөлек, ІТ саласында да бірлескен жобалар жасауға ниетті.