Алматыда алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды

Алматыда алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды. Бір отбасының орны толмас қайғысы - басқа бір адамға өмір сыйлады. Дәрігерлер бес сағатқа созылған күрделі операцияны сәтті аяқтап, тек медицинаның емес, адамдықтың  үлкен жеңісін көрсетті.

Алматы қалалық кардиология орталығына жеткізілген 34 жастағы ер адам - бірнеше жылдан бері жүрек жеткіліксіздігімен күресіп келген. Ауруының жалғыз емі - жүрек трансплантациясы. Осы кезде басқа ауруханада 50 жастағы әйел инсульттен көз жұмды. Дәрігерлер ми өлімін растаған соң, туыстары донор болуға келісім берген.

Донорлық жүрек қаланың ішінде тез жеткізіліп, Алматы мен Астанадан жиналған мультидисциплинарлық команда бірлесе операция жасады.

Операция бес сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталды. Орталық директоры мұны Алматы кардиохирургиясы үшін жаңа кезең деп атады. Ал профессор Юрий Пя донор жақындарына ерекше алғысын жеткізді.

ЮРИЙ ПЯ, UMC КҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қайтыс болған науқастың туған-туыстарына ағза донорлығына келісім бергені үшін алғыс білдіргім келеді. Бүгін Алматы қалалық кардиологиялық орталығында алғашқы жүрек трансплантациясы отасы жасалды. Операцияны орталықтың басшысы Ермағанбет Мұқанұлының жетекшілігімен мультидисциплинарлық команда жүргізді.

Жүректен бөлек, екі бүйрек пен екі қабақ  трансплантацияланды. 15 жастағы қыз, 30 жастағы әйел және көру қабілетінен айырылған екі нaуқас өмірдің жаңа мүмкіндігін алды. Бұл - биыл Алматыдағы төртінші мультиоргандық донор.