"Әлем әуені" фестивалі - түркі әлемінің бірлескен музыка ордасы

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2025

Астанада алғаш рет «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі өтуде. Бұл тек ән-күй кеші емес, түркі әлемінің музыкалық тамырын зерттеуге арналған үлкен ғылыми алаң. Шарада тарихи тамыры ортақ туыстас мемлекеттердің өнерсүйер қауымы, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген мәдениет қайраткерлері бас қосты. 

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Өнерін жоғалтқан халықтың өзі жоғалады. Бұл-қазақ мәдениеті үшін өлшеусіз еңбек еткен Өзбекәлі Жәнібековтың сөзі.Тамыры терең  тарихымызда соңғы кезде ұмытылып бара жатқан кейбір ұлттық  аспаптар бүгін жаңарып, жаңа бір тынысқа ие болғандай.

Өнер музейінде «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі аясында Түркі әлемі музыкалық аспаптарының экспозициясы ашылды.

Шара барысында түркі халықтарының дәстүрлі музыкалық мәдениетін танытатын бірегей ұлттық аспаптар музей қорына ресми түрде табысталды. Олардың қатарында Қырғыз қылқияғы, Түрік кеманчасы, Өзбек дутары және Мажар фурульясы бар.

АЗАМАТ БАҚИЯ, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ: 

Бір сазсырнайдың өзінде 25 мыңнан артық данасын жасаған екенмін.Жеке шебер ретінде бөлек шеберханам бар сол жерде осы аспаптарды жасаймыз сыбызғы аспаптары басқа да үрмелі аспаптардың барлық түрлерін, және де біз үшін өте маңыздысы осы Астана қаласы мәдениет басқармасы соңғы үлгідегі шеберхана соғып берген болатын  бұл ғылыми деңгейде аспаптардың жаңғыртуына қолданатын құралдар. 

Өнер музейінде 1600 жуық экспонат бар. Арасында отандық шеберлердің қолынан шыққан аспаптар  мен шетелден келген сый сыяпаттарды да көруге болады.

АГОЧ ГЕРГЕЙ, ВЕНГРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ, PHD ДОКТОРЫ:

Біздің бабаларымыз бүгінгі Венгрия жерін IX ғасырдың соңында жаулап алған. Олар өздерінің ата-қонысынан музыкалық аспаптарды да, осы музыкалық мәдениетті де бірге алып келген деп санаймыз.Бабалардың ол ата-қонысы көне деректерде Этель, яғни Кай–Эзау деп аталады. Бұл атау грек және византиялық жазбаларда кездеседі. Ол нені білдіреді? Этель – Еділ (Волга), ал Эзау – Днепр өзені. Сонымен қатар, көне деректерде олардың Еділ-Жайық өңірінен келгені де айтылады.Сондықтан, біз бұл аспаптың Қазақстанға қайта оралғанын, сіздерге сый ретінде қайтып келгенін білдіреді деп ойлаймыз. Себебі, бұл музыкалық мәдениет бүгінгі Батыс Қазақстан аумағынан тараған.

Фестиваль Астана қаласының әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен өтіп жатыр. Ғалымдардың жиынынан кейін, фестивальде практикалық жұмыстар да болады. Шеберлік сағаттары өтті. Ал шара гала концертпен қорытындыланды.