XXV қысқы Олимпия ойындарының басталуына 70 күн қалды

2026 жылдың 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында төрт жылдықтың басты додасы– XXV қысқы Олимпия ойындары өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Олардың қатарында отандық спортшылар да бар. Олимпиадада 16 спорт түрі бойынша 195 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ойындар Милан мен Кортина-д’Ампеццодан бөлек, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме кластерлерінде де өтеді. Қысқы Олимпиада бағдарламасына биатлон, коньки және шаңғы спорттары, шайбалы хоккей, фристайл, сноуборд, шана спорты, бобслей және ски-альпинизм сияқты негізгі қысқы спорт түрлері енген.

Қазақстан спортшыларын 2026 жылғы еңірі спорттық іс-шараға сапалы дайындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі спорт федерацияларымен бірлесіп, ұлттық құрамаларды даярлаудың кешенді жоспарын әзірледі.

Жоспар аясында оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, медициналық және психологиялық қолдау көрсету, қаржыландыру, қажетті спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету, тамақтану, сондай-ақ білікті жаттықтырушыларды тарту қарастырылған.

Ұлттық құраманы жасақтау Әлем кубогі кезеңдеріндегі көрсеткіштер мен сол жарыстарда жеңіп алған лицензиялар негізінде жүргізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында екі лицензия бар. Олар мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаға тиесілі.

Қысқы Олимпиадаға қатысатын ұлттық құрама тізімі мен лицензия саны қаңтар айының соңында өтетін Әлем кубогі кезеңдері аяқталғаннан кейін анықталады.
Бүгінде Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Елде қысқы спортпен 139 мыңға жуық адам шұғылданады. 1 838 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қысқы спорт инфрақұрылымын дамыту және кадр даярлау жұмыстары Жамбыл облысынан басқа барлық өңірде жүргізілуде.

Биыл отандық спортшылар бірнеше халықаралық жарыста қатысып, тарихи нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Анастасия Городко могулдан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып, ересектер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде иеленді. Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігінде күміс медаль жеңіп алды, ал Софья Самоделкина Қазақстан тарихында алғаш рет әйелдер арасында Гран-при кезеңінде жүлдегер атанды. Денис Никиша 2024 және 2025 жылдары қатарынан екі мәрте шорт-тректен әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ Евгений Кошкин конькимен жүгіруден Әлем кубогі кезеңдерінде екі алтын медаль жеңіп алды. 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов фристайл-акробатикадан чемпион атанды.