Колония маңына телефон жасырды

Астанада ҚАЖ қызметкерлері колония маңайында жасырылған телефондарды әшкереледі. №2 мекемесінде еңбекпен қамтылған азамат мекеме қызметкерлеріне жедел түрде жүгініп, мекеме аумағына жақын маңда күдік тудыратын ораманы байқағанын хабарлаған.

Аталған мәлімет бойынша дереу мекеменің жедел бөлім қызметкерлері кинолог және қызметтік итпен бірге көрсетілген аумақты тексеруге шықты. Жақын маңды тексеру барысында қара түсті орама табылып, оның ішінен түрлі маркалы 8 ұялы телефон анықталды. Деректерге сүйенсек, бірнеше OPPO телефоны, Redmi, Samsung Galaxy A50 және Көгілдір түсті VIVO телефоны жасырылған. Телефондардың барлығы жұмыс істейтін күйде болған. Барлық заттар тәртіпке сәйкес тәркіленіп, тиісті органдарға тапсырылды. Тыйым салынған заттарды жеткізуге тырысқан тұлғаларды анықтау бойынша жедел шаралар жүргізілуде.