XXV-ші жазғы Сурдлимпиада ойындары аяқталды: Қазақстан 25 медаль еншіледі

Токио қаласында XXV-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарының ресми жабылу салтанаты өтті.  Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасы 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп, 81 елдің ішінде медальдік есепте 9-шы орынға тұрақтады. 

Сурдлимпиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі Токио метрополитен гимназиясында Жапония елінің ханшайымы Како Аксино, Токио қаласының мэрі Юрико Коикэ және халықаралық Сурдлимпиада комитетінің президенті Адам Косаның  қатысумен өтті. 

Командалардың шеруінде еліміздің көк байрағын жеңіл атлетикадан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұрсұлтан Кульдеев пен жүзуден ұлттық құрама спортшысы Мария Сотникова алып шықты.

Салтанатты рәсім барысында  Халықаралық Сурдлимпиада комитетінің президенті Адам Коса ойындардың аяқталғанын хабарлап, спортшыларға алғысын білдірді.  

Айта кетейік, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары Жапония астанасы Токио қаласында 15–26 қараша аралығында өтті. Бұл – төрт жылда бір ұйымдастырылатын есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы ең беделді халықаралық жарыс. Додаға 81 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада бақ сынады. Қазақстан ұлттық құрамасы 78 спортшымен 8 спорт түрінен өнер көрсетті.

Биылғы Сурдлимпиадада Қазақстан құрамасы үшін ең нәтижелі спорт түрі сурдо дзюдо болды. Бұл сында отандастарымыз 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, барлығы 11 жүлдеге қол жеткізді.

Еркін күрестен 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль олжаланса, грек-рим күресінде ұлттық құрама қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде түсті.

Жеңіл атлетикада Қазақстан 1 алтын және 1 қола медаль еншілеп, Фаина Мейрманова биіктікке секіру сайысында 1,79 метр нәтижемен Сурдлимпиада рекордын жаңартты. Таеквондошылар керуги дисциплинасында 3 қола жүлде иеленсе, үстел теннисінен ерлер құрамасы командалық сында қола медальға қол жеткізді.

«Елімізде сурдлимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамып, спортшыларымыз халықаралық ареналарда жаңа биіктерді бағындыруда. Мәселен, 2022 жылы Бразилияда өткен алдыңғы Сурдлимпиада ойындарында ұлттық құрама 4 алтын, 7 күміс және 18 қола медальмен медальдік есепте 13-орынға тұрақтаған болса, биыл 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медальмен 9-орынмен жарысты қорытындылады. Бұл – мүмкіндігі шектеулі тұлғалар спортын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тұрақты қолдаудың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да спортшылардың әлеуетін арттыруға және жоғары жетістіктерге жетуіне жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев.