Енді медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, қол жұмсағандарға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады

Енді медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, қол жұмсағандарға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Заңда медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты істерді тергеу бойынша ішкі істер органдарының құзыретін анықтауға бағытталған құқықтық нормалар да ұсынылады.

Заң жобасы дәрігерлік көмек көрсету барысында жиі қауіп-қатер мен зорлық-зомбылыққа тап болатын медицина қызметкерлерінің, жедел жәрдем жүргізушілерінің қорғалуын жақсартуға мүмкіндік береді.

“Әріптестер, жалпы, адам баласына күш көрсетіп, қол жұмсауға ешкімнің хақысы жоқ. Қазақстанда әркімнің құқығын қорғау бұл – Президентіміз айтқандай, заң мен тәртіп қағидатының негізгі ұстанымы. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде құқықтық, қауіпсіз мемлекеттің негізі. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша енгізу. Әрбір азаматтың өмір салтына, басты ұстанымына айналдыру. Осы ретте, аталған заң жобасының негізгі концепциясының басты ұстанымын қолдауға шақырамын”, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.