Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Марокко Корольдігіне ресми сапармен барды. Онда алдымен Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламимен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Мароккомен серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. Мәжіліс спикері марокколық әріптестерін заң шығару саласында тәжірибе алмасып, әсіресе достық топтары, бейінді комитеттер және аппараттар арасындағы іс-әрекетті арттыруға шақырды. Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы серіктестікті дамыту жайы Марокко Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Ульд Ар-Рашидпен кездесуде де кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Ерлан Қошанов Марокко Үкіметінің басшысы Азиз Аханнушпен кездесті. Онда елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "АМАNАТ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мароккомен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. Екі жақты ынтымақтастықты қос ел парламенттерінің рөлі мен маңызы ерекше. Біз осы бағыттағы жұмысты жандандыруға мүдделіміз. Марокко тарапынан да осындай ниет бар екенін біз білеміз. Біз халықтың өкілдері ретінде екі елдің тығыз араласуына, жақындасуына әрине үлес қосуға дайынбыз. Әсіресе елдеріміздің парламенттері арасында құрылған достық топтарының да жұмыстарының орны ерекше.