Қарызды бір күн кешіктірсең, несие берілмейді: несие беру талаптары күшейтілді

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2025

Енді қарызды бір күн кешіктіргендерге несие берілмейді. Қазақстанда тұтынушылық кредит алуға қатысты талаптар  күшейтілді. Бұдан былай қарыз алушының барлық несиеге ай сайынғы төлемі табысының 25 пайызынан аспауы тиіс, бұл бұрынғыдан екі есе төмен. Несие алуға қатысты тағы өзгерістер бар.  Толығырақ әріптесім Айғаным Тұрысбектің бейнематериалында.

Енді қарызы 30 күннен асқан, микрокредитті бір күн кешіктірген немесе соңғы үш жылда қарызы кешірілген азаматтарға жаңа несие рәсімдеуге рұқсат берілмейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұны халықтың қарыз жүктемесі шамадан тыс көбейіп кетпеуі үшін жасалғанын айтады.

ҒАДІЛБЕК ӘКІМ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бұрын мысалы азамат 300 немесе 400 мың тг жалақы алатын болса, кредиттік жүктеме 0,5 пайыз болатын. Енді максималдық кредиттік жүктеме 0,25 пайызға өзгерді.

Кредитке байланысты проблемалардың бірі — онлайн алаяқтық. Сол себепті азаматтардың бір уақытта бірнеше банкке несие өтінімін беруіне де шектеу енгізілді.

ТАТЬЯНА САВЕЛЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жеке тұлғалардың бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан бір сағат ішінде несие алуға өтініш беруіне қойылған шектеу сақталды. Енді жеке тұлғалардың екі немесе одан да көп банкке берген несие өтінімдері туралы ақпаратты бір сағат ішінде бөлісуге міндетті болады.

Бұл талаптарға қатысты қоғам пікірі әртүрлі. 

БЛИЦ:

- Бермей ақ қойсын. Сол жақсы. Кредиттен шығасың сол кезде. Тегін беріп жатқандай аласың но төлей алмайсың.

- Енді ол дұрыс, банкіден алғаннан кейін беру керек.

- Қолынан келгендер алады, қолынан келгендер алмайды.

Экономистер елдегі қарыз көлемі өте жоғары екенін айтады. Еңбекке жарамды 8,5 миллион халықтың банктер алдындағы берешегі 23 триллион теңгеден асып кеткен. Бұл - Қазақстанның бір жылдық бюджеттік шығынымен шамалас. Сарапшылар мұны қаржылық сауаттың төмендігімен және қатарынан бірнеше жерден  несие рәсімдеумен байланыстырады.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Мысалыға менің жалақым 500 мың тг болатын болса, банкке несие төлемім 150 мың болса, банкттер 350 мың қалтасында қалды деп есептей береді. Ал ол жерде адам 5-6 жерден рассрочка алатын болса, 350 мың тг соны жабуға кетеді. Солай қарызды 1 емес 30-90 күндеп кешіктіру осындай қаржылық сауатсыздық пен заңды айналып өтуден болып жатыр.

Сарапшылар шектеу  шаралары халықтың борыштық жүктемесін төмендетуге көмектеседі деп отыр. Ал құзырлылар  алдағы уақытта қарыз нарығындағы бақылауды одан әрі күшейтуді жоспарлауда