Астана іргесіндегі Қоянды ауылында 33 шақырым асфальт төселді

Елорданың іргесіндегі Қоянды ауылында инфрақұрылым мәселесі  қашаннан өзекті. Әсіресе, батбақтан аяқ алып жүргісіз жолдар 20 жылдан бері ауыл халқының әбден ығырын шығарған.  Соңғы жылдары  қояндылықтардың үні жоғарыға жетті. Биылдың өзінде 33 шақырым ішкі жолға асфальт төселіп, 1800 жарық бағаны орнатылған. Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен тілшіміз Айсәуле Съезбек танысып келді. 

БЕКБОЛАТ ҚҰРМЕТ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

2006 жылы осы Қояндыға келіп, 10 семья алғаш үйіміздің тағанын қақтық. 15 жылдай сусыз, тоқсыз отырдық.

СӘУЛЕ АЙНАБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Көшіп келгенде шынын айтқанда осы ауылдан қатты қорыққанмын. Өйткені мына жерде толып жатқан мусор болатын. 

БЕКЕН ЫСҚАҚОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Асфальт жөнінде әңгіме жоқ болатын. Орталық көшенің өзінде жүру мүмкін болмайтын.

Көктем сайын көшелері көл болатын Қоянды. Себеп – ауылдың қазан тәріздес ойық жерде орын тепкені. Әрі 4 метр тереңдікте-ақ  жерасты суы басталады. Ерекшелік ескерілмегендіктен үйлерге су кіретін. Тасқынға тосқауыл қою үшін жол жиектеріне бетонмен жабылған арық қазылып жатыр.

БАҚЫТХАН СОЛТАНБАЙ, ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Каждый үйдің алдына тұрғындардың кіріп-шығатын трубаларын салып, көктем кезінде, қатты жаңбыр кезінде су ағады. Бұл солтүстік өңірлерде бұндай қарастырылмаған негізінде. Латоктардың өзінің астынан дренажный система құрылып отыр. Латоктың іші тесік. Шетінен де су келе береді. Яғни, салынған жолымыздың асты тас. 

Қояндыдағы  112 көшенің жалпы ұзындығы  – 184 шақырым.  Осыдан 3 жыл бұрын соның 7-ақ шақырымында асфальт болған. Бұл да батбаққа батып жүрудің басты себебі еді. Биыл орталықтағы 4 көше түгел тегістелді. Алдағы 4 жылда тағы 48 шақырым жол абаттандырылады, - деді ауыл әкімі Бақытхан Солтанбай. Елдімекен тазалығы да тәртіппен реттеліп келеді. Әр көшенің қоқысы кесте бойынша шығарылады.

СӘУЛЕ АЙНАБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мусордың барлығын үйге нетіп қойды да, жеті сайын мусорымызды алып тұрады. Біз оған қарсы емеспіз. Өте қуаныштымыз. Өйткені көшемізде уже мусор жоқ.

Ауыл сыртында тұрмыстық қалдық төгетін 3 гектар жер белгіленген.  "Қоянды Тазалық" серіктестігі сол полигонға Целиноград ауданына қарасты өзге ауылдардың да қоқысын әкеледі.

АҚЫНТАЙ ПЛАН, «ҚОЯНДЫ ТАЗАЛЫҚ» ЖШС БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Жарамдысын балалар қолмен жинайды. Қалғанын спецкамазбен қара топырақпен бетін жауып жатырмыз. Мақсатымыз – болашақта  мында бұрыннан қазылған карьер болған, кім қазғанын нақты білмейміз біз. Бұны осылай көтеріп, жер қып шығарып, Үкіметке өткіземіз.

1-2 жылда бұл полигон да толып, тегістелері анық. Сондықтан осы маңға қоқыс сұрыптайтын зауыт салу жоспарланып отыр. 

БЕКБОЛАТ ҚҰРМЕТ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір міне жолымыз да бар. Свет, жарығымыз да бар. Газымыз да келіп жатыр. Шүкіршілік, тәубә деймін.

БЕКЕН ЫСҚАҚОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Орталықтандырылған АРЭК дейді. Үлкен свет келіп жатыр. Освещение жақсы. 4 жолақты жолымыз бар. Енді кішкене жайлылау болып қалды.

Қояндының тұрғыны ретінде ресми тіркелген халық саны – 10 мыңға жуық.  Ал іс жүзінде өмір сүретіндердің қарасы – 50 мыңға таяу. Сәйкесінше, қаржы да санақтағыларға сай бөлінеді. Бұл инфрақұрылымның уақытылы дамуына кедергісін келтіріп отырған фактінің бірі.