Қазақстан Еуропалық Одақпен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев бастаған қазақстандық делегация Ташкент қаласында өткен «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» үшінші экономикалық форумына қатысты.

Еуропалық Одақтың ұйымдастыруымен өткен іс-шараға еуропалық комиссарлар, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан үкіметтері басшыларының орынбасарлары, Түрікменстан Қаржы және экономика министрлігінің басшылығы және басқалар қатысты.

«Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы – Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл, сауда, инвестициялар және тұрақты даму мәселелерін талқылау жөнінде маңызды алаң. Форум аясында экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік және энергетикалық байланысты дамыту, орнықты жеткізу тізбектерін нығайту, сондай-ақ цифрландыру үдерістерін ілгерілету мәселелері талқыланды.

Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан мен Еуропалық Одақ экономикалық байланыстарды кеңейту бойынша тұрақты серпінді сақтап отырғанын айтып өтті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЕО-мен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін және Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы конструктивті диалогты жоғары бағалайтынын атап өтті.

Қазақстан делегациясының басшысы өңірдегі жан-жақты экономикалық кооперацияны дамытудың, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығына назар аударып, Қазақстандағы ұлттық экономиканың құрылымдық трансформациясына бағытталған реформалар туралы айтты.
Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан Үкіметінің Орталық Азия елдері және Еуропалық Одақпен ұзақ мерзімді серіктестік құруға, орнықты ортақ дамуды қамтамасыз етуге дайын екенін растады.
Форум аясында Халықаралық серіктестік жөніндегі еуропалық комиссар Йозеф Сикеламен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, экономика саласындағы басым бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және ЕО-ның «Global Gateway» бастамасы аясындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Аталған бастама Қазақстан мен бүкіл өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге, орнықты экономикалық байланыстарды дамытуға және жаңа инвестициялық әрі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға өзара мүдделілік білдірді.