Гонконгте өрттен қаза тапқандар саны сәт сайын көбейіп жатыр

Гонконгтің Тай По ауданындағы тұрғын үй кешенінде шыққан алапат өрттен 55 адам қаза тапты. 123 адам жарақаттанып, 279 адам із-түссіз жоғалған. Құтқарушылар 2 күннен бері өртпен алысып әлек. Жапа шеккендер саны сәт сайын артуда.  Қою түтіннің тарқайтын түрі жоқ. Жергілікті билік абайсызда адам өліміне әкелді деген күдікпен 3 адамды ұстағанын мәлімдеді. Олар – ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізген компания басшылары мен инженер-кеңесшісі. Полиция кешен аумағында өртке төзімсіз құрылыс материалдарының қолданылғанын айтты. Тілсіз жаумен күреске 800 адам жұмылдырылған. 

Мен екінші блокта тұрамын. Өрт көз алдымда алтыншы үйден бесінші үйге таралды. Ешкім сөндіруге ұмтылған жоқ. Мен өрт сөндіру машинасын, су шашып жатқан адамдарды көрмедім. Сұмдық! Мен не істерімді білмеймін.

ДЕРЕК АРМСТРОНГ ЧАН, ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізге көмек сұраған есепсіз қоңыраулар келді. Ғимараттан құлаған қирандылар мен лаулаған оттың жоғары температурасы құтқарушыларға да қауіп төндірді. Нысанға кіріп, адамдарды эвакуациялауға айтарлықтай қиындық туғызды.

Уанг Фук Корт кешеніндегі 8 мұнараның  7-еуінің күлі көкке ұшқан. Кешенде жалпы 2000-ға жуық пәтер болған. Ғимараттардың өзара тығыз орналасуы әу бастан апатты ауыздықтауға кедергі келтірген. Баспанасыз қалған мыңға жуық адам уақытша көмек пунктеріне орналастырылды.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға байланысты  Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге жеделхат жолдады. Ол бүкіл қытай халқына көңіл айтты.