Астанада Байқоңыр ауданы газға қосылды

Астанада Байқоңыр ауданы газға қосылды. Тарихи сәтті тұрғындар салтанатты түрде атап өтті. Көгілдір отынға қосылуға өтініш беру үшін құжат жинап қиналмайды. Барлығын онлайн рәсімдейге болады. Толығырақ тілшіміз баяндайды.

Байқоңыр ауданында бүгін тарихи сәт. Аудан алғаш рет көгілдір отынға қосылады. Газдандыру жұмысы бірінші болып «Кирпичный» тұрғын алабына жүргізілген. Салтанатты шараға аудан әкімі де қатысты. Ол жобаны ауданның инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал ететін бастама деді.

ТАЛҒАТ РАХМАНБЕРДІ, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мына елдімекенде 4-5 мың адам тұрады. 436 абонент бар. 255 үй бар. Өндіріс орындары бар. Соның бәрі бүгіннен бастап кезекпен кезек газға қосылатын болады. Енді бұл біріншіден Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының үлкен жемісі. Газдандыру біріншіден бұл экология. Екіншіден халықтың тұрғылықты тұрғындардың игілігіне қолайлы. Бұрынғыдай көмір жақпайды, отын жармайды.

«QAZAQGAZ AIMAQ» Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатовтың айтуынша, өңірді газға қосу үшін жалпы ұзындығы 18 км болатын орта және төмен қысымды газ тарату желілері салынған. Сондай-ақ екі газ реттеу шкафы орнатылған. Енді барлық үй-жайлар рет-ретімен көгілдір отынға қосылады. Ал тұрғындар елді-мекенге айтарлықтай көңіл бөлініп отырғанына дән риза.

ЖҮНІС ҚОСМАН, "КИРПИЧНЫЙ" ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйімізге газ кірді кірпіш кенті бойынша. Мына ауылымызды толықтай газдандырып жатыр. Көпттеген осы кірпіш кенті бойынша жұмыс істелініп жатыр. Биыл канализация жүргізілді, ливневка жүргізілді. Су тартылып жатыр. Халыққа қамқорлық жағдай жасалып жатыр. 

Газға қосылу үшін тұрғындардан төрт қана құжат түрі талап етіледі. Өтінішті онлайн түрде eGov арқылы беруге де болады. Айта кетейік, құрылыс-монтаждау жұмыстары бір жылда аяқталған.