«Алматы — адалдық алаңы» жобасының қорытынды конференциясы өтті

Алматыда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай конференция өтті. Бұл шара «Алматы — адалдық алаңы» жобасының қорытынды кезеңі болды. Жобаны «Парасатты ұрпақ үшін» қоғамдық қоры қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырған.

Конференция барысында қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша атқарылған ауқымды жұмыстың қорытындысы жасалды. «Алматы — адалдық алаңы» жобасы аясында фронт-офистер, құқықтық жедел желі және түрлі тренингтер ұйымдастырылды.

СӘУЛЕ АЛПЫСОВА, «АЛМАТЫ - АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ ОФИСІНІҢ КООРДИНАТОРЫ:

Екі жыл бойы қала бойынша 8 фронт-офис жұмыс істеді. Бұл фронт-офистер әлеуметтік осал топтарға тегін құқықтық көмек көрсететін орталыққа айналды. Осы уақыт ішінде шамамен 950 тұрғын құқықтық кеңеспен қамтылды. Біздің басты мақсат — халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға үлес қосу.

Конференцияға шамамен 80 адам қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мемлекеттік құрылымдар мен халық арасындағы сенімді нығайту жүйелі жұмыс пен өзара ынтымақтастыққа дайындықты талап етеді.

ТАМАРА ШӘКІРОВА, «АЛМАТЫ - АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖЕТІСУ АУДАНЫ ЖОБАЛЫҚ ОФИСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында өтіп жатқан бұл конференцияның маңызы зор. Себебі сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат бұл бағытта өз жауапкершілігін сезініп, үлес қосуы қажет.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аяқталғанымен, оның нәтижелері жаңа бағдарламаларда жалғасын табады. Шараның аясында қалыптасқан база қаланың ашық, әділ және қауіпсіз ортасын әрі қарай дамытуға негіз болады.