Шымкенттіктер енді арыз-шағымдары мен ұсыныстарын QR-код арқылы жібере алады

Шымкенттіктер енді арыз-шағымдары мен ұсыныс-тілектерін әкімдікке бармай-ақ QR-код жеткізе алады. Елдегі үшінші мегаполисте  «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» атты жоба іске қосылды. Яғни, әр азаматқа қаланың дамуына үлес қосып, оң өзгерістердің бір бөлігі болуға мүмкіндік берілуде. Түскен барлық ұсыныс мұқият қаралып, ең өзекті әрі пайдалы бастамалар нақты жүзеге асырылатын болады.

Жаңа жоба Шымкент қаласы тұрғындарының пікірін тікелей ескеруге бағытталған. «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы тұрғындарға қаланың дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық  қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен қолға алынған.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әр азамат өз үлесін қоса алады. Өз ұсыныстарын жолдай алады және оң өзгерістерге ықпал жасай алатындығына, ықпал жасауға мүмкіндік беруге жасалып отырған дүние. Енді айта кететін дүние, біз тура осындай  QR кодты арыз-шағымдар бойынша аудан әкімдіктеріне де белгілеуді ұйғарып отырмыз.

Бұл бастама — әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуға және қаланы дамытуға күш жұмылдыруға бағытталған нақты қадам. QR-КОД-тар қазір қаладағы  9 саябақ пен 4 гүлзарда бар. Тұрғындар әп дегеннен ақ осы мүмкіндікті қалт жібермеуде. Өз ұсыныс-ойларын  жазбаша жолдап жатыр. Әсіресе жастар жағы белсенді. Жаңа жоба патриоттық сезімді арттырады деп санайды.

РОЗАЙ АБДУКАРИМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Менің ойымша QR ашылғаны өте дұрыс болды. Мен акиматқа бармастан өз ойымды білдіре аламын. Біздерге өзімізге көбірек қолөнер, би, тіл саласы бойынша көбірек керек болғандықтан мен қатты қуаныштымын QR-дың ашылғанына. Тегін курстар барлығын осы ойлардың барлығын мен QR арқылы акиматқа жібере аламын. 

ЕРСҰЛТАН БЕКБОЛАТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осындай QR-кодтардың қосылғаны бізге жақсы болды. Өйткені біз өзіміздің қояр талабымызды  QR-КОД арқылы жаза аламыз.

РЫЗГОАЛИ СУЛЕЙМАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Менің ойымша, бұл өте жақсы идея, өйткені әрбір тұрғын әртүрлі идеяларды ұсына алса, қаламыз дамиды. Әкімдік, мәселен, осыған көңіл бөліп, қаламыз ілгерілеп, қазіргіден де көркейе түседі.

Жобаны жүзеге асыру аясында алдағы уақытта қоғамдық орындардағы үлкен лед экрандар мен автобустарға да QR-кодтар орнатылады. Сол арқылы тұрғындар қаланы дамытуға қатысты өз идеялары мен ұсыныстарын оңай жолдай алады.