Оралда мектеп мұғалімдері жасанды зердені үйреніп жатыр. Тың технологияны ұстаздың көмекшісі қылуды көздеген тегін курс "AMANAT" партиясының «Цифрлық қоғам» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Мұндағы мақсат - оқытушыларға тың технологияны меңгерту. Себебі жасанды зерде мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, автоматтандыру арқылы уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал артылған уақыты оқушыларға жаңа білім үйретуге арналады. Курсты тәмамдағандарға арнайы сертификат беріледі. Ал үздік деп танылғандарға Оңтүстік Кореядан тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
АФИЗА СЕМҒАЛИЕВА, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мұғалімнің ата-анамен байланысы уатсап-чаттар арқылы, сонымен қатар үй тапсырмасын тексеру, негізгі қызметіне байланысты кейбір қағаздарды толтыру мұғалімнің көп уақытын алады. Осы оқыту курсы арқылы жасанды интеллектінің құралымен осы бағыттағы жұмыстардың барлығын оңтайландырады. Яғни, мұғалімде кәсіби білім беру бағытында көп уақыт болады.
Жоба аясында ақтөбелік ұстаздарға да тегін онлайн курс ұсынылуда. Жаңа жобаның таныстырылымда курс мазмұны, оның мұғалім жұмысына берер пайдасы түсіндірілді.
Жасанды интеллект арқылы сабақ жоспарын құрып, тоқсандық бағалау жұмыстарын талдауға болады. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл бастама ұстаздарға жаңа мүмкіндіктер ашып, білім саласындағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге ықпал етеді.
АЙБЕК ҚУАТБАЕВ, «DARYN USTAZ» ЖЕТЕКШІСІ:
Жасанды интеллект мұғалімге күнделікті рутиналық жұмыстарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл курсты өту желтоқсан айының соңына дейін қарастырылған. Бүгін Ақтөбе облысында біз осы жобаны барлық мектеп директорларына, аудандық және облыстық білім басқармасының мамандарына түсіндіретін боламыз.