2026 жылғы 1 қаңтарда фулфилмент-орталықтар бойынша ұлттық стандарт күшіне енеді

фото: pixabay

 

Онлайн-сауданы дамыту үшін 2027 жылға дейінгі электронды сауданы дамыту жоспары жүзеге асырылып жатыр. Сала бойынша кәсіби стандарттар жаңартылуда. Маркетплейстерде «Қазақстанда жасалған» арнайы бөлімдері енгізілді. 2024 жылы электронды сауда алаңдарына арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және сүйемелдеу жобаларын субсидиялау мен кепілдендіру туралы жаңа мемлекеттік қолдау қағидалары қабылданды. Қытайдан тауарларды тікелей сатып алу жобалары іске асырылуда.

«2025 жылғы 4 қарашада «Фулфилмент-орталықтар» ұлттық стандарты бекітілді. Ол 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Стандарт сақтау, жеткізу, тапсырыстарды басқару және тауарды бақылау сияқты барлық негізгі процестерді қамтиды. Бұл сауда саласына инвестиция тартуға және электронды сауданың өсуіне елеулі ықпал етеді», - деді Ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Аңсар Оразалиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.