Украинадағы соғысты аяқтау бойынша келіссөздер әлі жалғасып жатыр. АҚШ пен Украина өкілдері енді Флорида штатында бейбіт келісім жобасын талқылап жатыр. Бұл жолы қос ел делегациялары жұмыс аяқталмағанын мойындады. Ал, Трамп өткен аптадағы қайғылы жағдайдан кейін мигранттардың барлығын қуып шығамын, - деп отыр. Тіпті, заңды жүрген азаматтарды депортациялаймын, - деп қорқытты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Бейбіт келісімнің ауылы алыс. Тұңғыш рет АҚШ пен Украина өкілдері осы жайтты мойындады. Дегенмен, келіссөз барысы жақсы екенін тілге тиек етті. Марко Рубио мен Рүстем Умеров бастаған дипломатиялық жоба осы аптада толық қағаз бетіне түсуі тиіс. Себебі, жақын арада Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Путинмен кездесуге барады.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Мұндай форматтағы келіссөздер өте қиын. Себебі, арамызға тағы бір тарап – Ресейді қосуымыз керек. Десе де, Украинмен жоба бойынша бірлескен жұмысымыздың қарқыны жоғары. Әлбетте, құр соғысты тоқтатып қалумен шектелмейміз. Украинаның болашағын жарқын етуде және қауіпсіздік кепілдемесін беруді көздейміз.
Елде жүрген барлық мигранттардың көзін құртамын. Трамп осылай деп мәлімдеме жасады. Тіпті, елде заңды жүрген азаматтарды да депортациялау керек. Өткен аптада тура Ақ үйдің алдында шыққан тегі ауғандық азамат Ұлттық Ұланның екі сарбазын атып кеткен еді. Нәтижесінде, 20 жастағы бұрымды сарбаз Сара Бекстром көз жұмды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Байденнің кезінде шетелден кенлген қылмыскерлер қаптап кетті. Алдыңғы әкімшілік оларға азаматтық берген. Бұл – елге жасалған опасыздық. Олардың барлығын азаматтықтан айырамын. Жақын арада бұл жұмысты күшейтемін. Заңды да, заңсыз да мигранттар елде қалмайды.
Бразилияда кезекті рет полициямен қақтығыс. Бұл жолы Либертадорес кубогінде жеңіске жеткен Фламенго жанкүейерлері полицияның соққысына ұшырады. Ал, тәртіп сақшылары фанаттар тәртіп бұзды дейді. Латын Америкасындағы басты клубтық турнирде Фламенго 1:0 есебімен Палмейрастан басым түсті.