Қызылжар өңірінде түлкі көбейіп, жұртты үрейлендіріп отыр. Тұрғындар соңғы уақытта жабайы жануар ауылға жиі кіре бастағанын айтады. Ит-мысықтарға шабуылдағаны өз алдына, енді адамға сес көрсетуде дейді.
Екінші ауысымда оқитын 12 жасар Әмірханға үйіне келе жатқан кезде түлкі шабуылдапты. Оқушы қалай қорғанарын білмей абдырап қалғанын айтады. Оны ит құтқарып қалыпты.
ӘМІРХАН СОВЕТОВ, ОҚУШЫ:
Мен қараңғыда келе жатқанда түлкі жүгіріп келіп, мені тістегісі келді. Мен оны тепкілеп құладым. Сосын түлкі көрші ауладан шыққан алабайды көріп қашып кетті. Түлкі менің шалбарымды жыртып тастады. Бірақ аяғымды тістеп үлгермеді.
АЛТЫН ЖҰМАҒҰЛОВА, ӘМІРХАННЫҢ АНАСЫ:
Жылап келді, шошып айта алмай тұр. Көзі, жылап жатыр. Сосын айтты түлкі қауып алды деп. Ауруханаға апардық. Дәрігерлер айтты қою керек деп. Сосын тағы шақырды, қойдық прививканы. Әлі тағы үш рет алу керек прививканы.
Түлкінің адамға шабуылдауы жиілеген. Жабайы жануардың шабуылынан кейін ауыл тұрғындары далаға шығудан қалған. Олар құтырма ауруынан үрейленіп отыр.
ЗЕЙНІЛҒАБИДЕН ДАНИЯРОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен де қорқам дүкенге барып келуге кешке қарай. Түлкі қазір көбейіп кетті. Сосын шықпаймыз үйден. Балалар қорқады. Школға апарамыз, школдан алып келеміз.
Әлеуметтік желіде жұрт мұндай жағдайлар туралы жарыса жазып жатыр. Ал ветеринар мамандар шара қолдана алмайтындарын айтып қынжылады. Себебі, түлкіні атуға заңмен тыйым салынған.
ЕРБОЛ БАГЕНОВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ БОЙЫНША ВЕТЕРИНАРЛЫҚ СТАНЦИЯНЫҢ БАСШЫСЫ:
Түлкі мен қарсақтың санының көптігі, саны көбейіп кетті. Өйткені ауа райына байланысты. Күн жылы, былтырғы қыс та жылы болды. Саны көптігінен үкімет жағынан оларды атуға болмайды. Барлығы аудан бойынша күз кезінде тоғыз мыңнан артық ірі қара мал егілді құтыру ауруына қарсы, 19 мыңнан артық қойға егілді.
Сала мамандары түлкіден зардап шеккен барлық тұрғындар мен жануарларды сараптамадан өткізіп, құтырманың жоқтығын растады. Айта кету керек, аталған дерт аймақта соңғы рет үш жыл бұрын тіркелген.