Қыз алып қашуды “салт” деп ақтап алатын кезең артта қалды. Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты жаза күшейді. Енді қызды еркінен тыс алып қашу «дәстүр» емес, тікелей қылмыс ретінде қаралады. Қалжың ретінде, ойнап болсын мұндай әрекет үшін 7 жылдан 10 жылға дейін сотталып кетуге болады. Толығырақ тілшіміздің сюжетінде.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Қыздың еркін сұрамай, «салт» деп сүйреп әкету - баяғының сөзімен айтқанда “ерлік” емес, бүгінгі күннің тілінде - қылмыс. Елде бұл әрекетке жаза күшейді. “Қыз алып қашу” енді тойға бастамайды, бірден тергеу бөліміне апарады.
Өзін Таңшолпан деп таныстырған бұл бойжеткен -"алып қашудың" құрбаны. Тағдырына мойынсұнып, сол барған үйде қалыпты.
ТАҢШОЛПАН, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Қарсылық таныттым, жыладым… Тыңдаған жоқ. Бұрын мұндайды айтуға да қорқатынмын. Енді заң күшейгенін естігенде бір жеңілдеп қалдым. Ең бастысы - басқалар бұл азапты көрмесе екен.
Қазақстанның Қылмыстық кодексіне алғаш рет “Неке қиюға мәжбүрлеу” туралы жеке бап енгізілді. Жаза - 7 жыл. Егер зорлықпен, топпен немесе қайта жасалса - 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын қызды ұрлап кетсе, кейін “ерікті түрде босатты” деген желеумен жауапкершіліктен жалтарып кететіндер көп еді. Енді бұл есік тарс жабылды. Қызды үйіне қайтарған күннің өзінде - қылмыс тіркеледі. Жеңілдік жоқ, “ұят болады” деген бүркеніш жоқ, “салт еді” деген сылтау жоқ.
ГҮЛӘЙІМ АНТАЕВА, ЗАҢГЕР:
126-бабына байланысты адамды өз еркінен тыс бостандығынан айыру бабы бар. Екінші бап Қазақстан Республикасының 125-бабы адамды ұрлау фактісі бар. Үшінші бап, зорлық-зомбылық көрсету деген тағы да бап бар. Сол себептен сіздерге айтам бірінші әрекет істеместен бұрын, заңға бір қарап алыңыздар. Сізді адам кешіргенмен, Заң кешірмейді.
Жаңа бап күшіне енгеніне бір апта өтпей жатып, бес өңірде 7 іс қозғалып, 15 адам ұсталды. Әр істің мән-жайы егжей-тегжейлі тексерілуде.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бұрын соңды сталкинг, қыз алып қашу деген іс-әрекеттер, дроперлік іс-әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік көзделетін болса, қазір олар қылмыс болып табылады. Және бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.
Психологтың айтуынша, “дәстүр” деп зорлықты бүркемелеу тоқтауы тиіс. Қыз - мал емес. Тағдыр - саудаласатын дүние емес.
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Кішкентай кезінен өзіне сенімсіз, күнә сезімін көп естіген, сондай ер азаматтар болып жатады. Олар коммуникацияға өте қабілеті төмен болуы мүмкін, яғни қыз баламен сөйлесу сол жағынан. Одан кейін туыстарының алдында беделін көтергісі келетін ер азаматтар осы қызды алып қашуға бел буып жатады.
Қазақстанда қыз алып қашу енді “дәстүр” деп ақталмайды. Бұл - ауыр қылмыс. Міндетті жаза енгізу - қауіпсіз қоғамға қадам.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды мұндай фактілерге бейжай қарамауға шақырады.