«Тұрпайы фильмдерді тексеретін механизм керек», - киносыншы

Былтыр прокатқа 90 отандық фильм шыққан. Оның 56-сы -комедия. Күлдіреміз деп бүлдіретін псевдо-продюсерлер мен режиссерлер көбейіп барады дейді сарапшылар.   Ақшасы бардың бәрі кино түсіргіш. Фильм арқылы миллиард жинау бәсекеге айналды. Бұл тенденция қазақ киноиндустриясын даму жолына бағыттай ма? Әлде саны бар, сапасы жоқ туындылар қоғамдық сананы улай ма? Тілші Айсауле Съезбек сала мамандарымен, сарапшылармен тілдесті.  

«Тез байығың келсе, кино түсір. Миллиард жинағың келсе, хайп пен қара пиарға иек арт. Маркетингтің мың түрлі айласын әзірле». Бұл кейбір таспагерлердің басты ұранына айналғандай. Көрерменге қандай көркем туынды ұсынсам деуден бұрын, билетті қалай көп сатам деген сұраққа жиі бас ауыртатын болды. Кино өнерден бұрын бизнеске айналды. Ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін ойлап жатқан киногер бірен-саран,-дейді киносыншылар. 

ДАНА ӘМІРБЕК, КИНОСЫНШЫ:

Осыдан 15 жыл бұрын басталды ғой қазақ киносының бумы. Басында біз сан болса сапа да болады деп ойладық. Бірақ өкінішке қарай бүгінгі таңда сан ешқандай сапаға алып келген жоқ. Кино саласына келген мамандар өз біліктіліктерін арттыруға тырыспайды. Олар аз қаржы жұмсап, одан көп қайтарым алғысы келеді. Бірақ сол фильмдердің кәсіби деңгейде өсуіне, көркемдік тұрғыда тереңірек болуына мән бермейді әлі күнге дейін. Меніңше көрермен сапалы дүние талап етпейінше бұл жағдай өзгермейді.

Көрерменнің де жаңа фильмдерге сұранысы жоғары. Былтыр қазақстандықтар 17 млн 47 мың рет кинотеатрға барған. Соның үштен бірінде  отандық фильмдерді көрген. Өкініштісі, арасында анайы эпизодтар, бейпіл диалогтар мен атыс-шабыс, адам өмірін құнсыздандыратын, надандықты насихаттап, тілді шұбарлайтын фильмдер де өріп жүр. Белден төмен әзілдерге құрылған тұрпайы туындылардың да млрд теңге касса жинауы көрерменнің деңгейін көрсетсе керек.

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тіпті, бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірерге тесік таппайсың. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзу жұрттың ашуын туғызуда. Ең қиыны – қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар,  дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес.

Кино – ұлттық идеология. Сондықтан мемлекет басшысы да ұлттық құрылтайда осы мәселеге алаңдаушылық білдірді. Жекенің фильмін көрерменге ұсынбас бұрын сүзгіден өткізу механизмін енгізу керек деді. Ал киносыншы Еуропадағыдай арт-хаус бағытындағы тағылымы терең авторлық туындыны көрсететін арнайы кинотеатрлар ашу арқылы мәселеге тоқтау қоюға болар еді дейді.

ДАНА ӘМІРБЕК, КИНОСЫНШЫ:

Прокатқа шықпас бұрын арнайы паспорт алады екен. Бірақ оларға кім рұқсат береді, кім ол фильмдерді көреді мен мысалы кинотанушымын осы салада 15 жыл бойы жұмыс жасап жүрген кәсіби, білікті маманмын бірақ мен білмеймін онымен кім айналысады, кім рұқсат береді. Яғни, мен білмесем, ешкім білмейді деген сөз. Кинотанушылар білу керек қой басқасы білмесе де. Сондықтан мен ойлаймын ол жерде кәсіби білікті мамандар отыру керек. Былтыр есіңізде болса әуелі ұлтараздық тудыратын фильмдер жарыққа шығып кеткен болатын.

Қаржы тілінде ғана сөйлесетін жекеменшік кинотеатр иелері ұлттық идеологияға бас қатырмайтыны анық.  Кино коммерциялық сипат алғаны дұрыс-ақ. Алайда критикалық ойлау қабілеті әлі қалыптаспаған жас буынның тәрбиесін бұзатын фильмдердің саңырауқұлақтай қаптағаны қауіпті үрдіс санайды сарапшылар.