8 мың жұмыс орны ашылып, 62 ірі жоба іске қосылады. Барлығы 4 трлн теңгеден астам инвестициялық портфель қалыптасты. Жамбыл облысы бірер жылда өнеркәсіптік серпіліс көрсетті. Инвестиция тарту бойынша республика ішінде 3-орынға көтерілді. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Өндіріс тек кен орындары және қазбамен шектеліп қалмайды. Әсіресе, жаңартылатын энергия көздеріне көп көңіл бөлінбек.
ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жел қуатын пайдалана отыра Жаңартылған Қуат Көздері пайда болады. Жалпы, 1,5 трлн теңге инвестиция саламыз. Сол себепті алдағы 2 жылдың ішінде Жамбыл өңірі Жаңартылатын Энергия шығарудан бірінші орында боламыз.
Жалпы, облыс инвестиция тартуға және кәсіпкерлікке жаңаша көзқараспен қарап отыр. Олардың тиімділігіне баса назар аударылуда. Кәсіп бастаймын деп, бірақ әлі күнге дейін пайдаланусыз жатқан жерлер қайтадан ел игілігіне беріледі.
ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
2025 жылы кәсіпкерлік мақсатқа берілген жер учаскелерінің игерілуіне мониторинг жүргізілуі нәтижесінде, жалпы көлемі 60 гектар болатын игерілмеген 24 жер телімі анықталды. Аталған жер учаскелері бойынша тиісті шешім қабылданды. Олар қайтарылып жатыр.