9 кәсіпкерге айыппұл салынды

Фото:depositphotos.com

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті биыл тұтынушыларды алдау фактісі бойынша заң бұзушылықтарды анықтап, 9 кәсіпкерді әкімшілік кодекстің 190-1 бабы аясында жауапкершілікке тартты. Бұл  сауда қызметін және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын дара кәсіпкерлердің немесе ұйымдардың кем өлшеуі, таразыдан жеуі, есептен жеуі, тұтынушыларды тауардың тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты жаңылыстыруы немесе өзгедей алдауы боп есептеледі.  Нәтижесінде  9 кәсіпкерлік субъектісіне 452 мың теңге айыппұл төледі.

Ал сауда объектісінде тұтынушының бұрышы болмағаны үшін  5 кәсіпкерлік субъектісіне 108 мың теңге айыппұл салынған.

«Біздің департамент тұтынушылардың құқығын қорғау, әсіресе Әкімшілік кодекстің 190 бабы бойынша биыл жүйелі жұмыс жүргіздік деп айтуға болады. Мысалы тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартқанкәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Тұтынушының наразылығына жазбаша жауап бермеген   14 кәсіпкерге 479 мың теңге айыппұл салдық», - деді Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Серікхан Нұртазин.

Департаментке жыл басынан тұтынушылардың құқығын қорғау саласында 1041 өтініш түскен. Департамент мамандары 11 ай ішінде тұтынушыларға 36,1 млн. теңгесін қайтарып берді.